Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  281


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ақкетік

Ақ толқындар аласұрып
жаға жаққа жарысады.
Құлай кетеді бара сұлық,
жұмбақ кіммен табысары.
Толқындардың сұсты бəрі,
жетем дей ме ақ қалаға.
Ызаланып ышқынады,
жолай алмай қақпаға да.
Теңіз сүйген ақ балтырын
қандай əсем мына қала!
Жағалаудың мақпал түнін
сүймей адам тұра ала ма.
Қыз жүгіндай қаланы
тербеп жұпар таң самалы.
Қонақ келсе мұнда бəрі
туғанындай қарсы алады.
Ақкетіктің халқы қандай
өнер десе тік тұратын,
елдің дəстүр-салты қалмай,
ойлайды тек ұлт мұратын.
Маңқыстауға барасың ба –
Ақкетікті сұрап қара:
Хазар-теңіз жағасында
бар осындай жұмақ қала.
* * *
Ер туар жақсы ағадан, жақсы анадан,
кей надан ат мінгенді тақ санаған.
Қырымбек*,8
жақсы ағаның жалғасы едің,
сені айтып барлық жерде мақтана алам.
Өмірін əр ауылдың, əр қақпаның
жүрекпен зерделедің барлап бəрін.
Той ғылып алты алашқа туған күнін,
Əбішін адамзаттың ардақтадың.
Адалдық, адамдығың Құдайға анық,
сүймейді əкімдерді бұлай халық.
Бүгінгі Маңқыстаудың тынысымен
бұл əлем Қазақ елін сынайды анық.
Үніне құлақ салып шағаланың,
Хазардың жүргем кезіп жаға-жарын.
Кетікте үнсіз тосып жатыр мені.
Есбол мен Естөредей ағаларым.
Бұл күнде білмей жақын, таныс қайда,
достардың арасы да алыстай ма...
«Əбішпен егізім», – деп аялаған
Айсəуле анам жатыр Қамысбайда.
Болғанмен жолы қиын шалғай мекен,
мен оған түйемен де талмай жетем.
Қашаннан шын мұсылман пір тұтатын,
мен қалай Оғландыға бармай кетем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу