Өлеңдер ✍️

  20.05.2021
  203


Автор: Роза Сейілхан

* * *

Көзімнен жасым аққанша қуанып,
бір күлсем деп ем,
Төгілер ме едің моншақтай болып
мүмкін сен де өлең.
Сағыныштарым сарқылып,
сағымға айналғандай ма,
Күлкімді таппай жоғалтқан,
шарқ ұрып бұл күн сенделем.
Ұмытар едім тағдырдың біржола,
тарлық қылғанын,
Көргім келеді мұңның да бір сәтке
қалғып тұрғанын.
Бүкіл жаныммен қалар ем,
өзімшіл қоғамда мына,
Қуаныштар мен шаттықтың ғана
хандық құрғанын.
Қуанғым келеді жақсы күндермен
қауышып тұрып,
Кәусарын балдай өмірдің ішер ем,
тауысып тұрып.
Армандарымды алдамшы рас,
аялай шаршадым,
Мұңдарым мұңайды жанарларына
тағы шық тұнып.
Сілем қатқанша қуанып, нақ шыным,
бір күлсем деп ем,
Болмауға тиіс нәрсенің бәрін
бүлдірсем деп ем.
Жалт еткен жасын секілді
мына жалған дүниеде,
Жақсылық сыйлап жақсы жандарға
үлгірсем деп ем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу