Өлеңдер ✍️

  27.07.2026
  29


Автор: Гүлзия Тәжіханқызы

ҒҰМЫР ДАРИЯ

 


Жырақтап кеттім өлеңнен неге тым алыс,
Болды ма шағым жырыма, бәлкім, тағы арыз?
Менімен үндес табиғат әлем күрсінер,
Жазбасам өлең, жұтылып үнім, тынар іс.


Сығалап Күн тұр, көгінен шашып сәулесін,
Дүние дүрмек салдырар тірлік әуресін.
Қабағын шытқан бұлттармен бірге айқасып,
Иіріп ұршық, әкетер алыс Жер өсін.


Жазбасам өлең - алыстап менен бар әлем,
Шырмауға түсіп, тұңғиық күйге барар ем.
Ал жазсам өлең - айналам күлер тіріліп,
Жұмақты әкеп шумақтар, жырым бағамен.


Жасасам егер құмартып оймен бір кесім,
Қаламмен ұштап, бекітсем өлең өлкесін..
Әлі де сезем: табиғат мені құшады,
Көктем боп келіп, гүл болып ашып күлтесін.


Гүлзия Тәжіханқызы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу