Өлеңдер ✍️
МАЙМЫЛДАРМЕН СОҒЫС
Шілденің соңы болып қалған. Тау басынан жайуатқа түстік. Орман басталды. Құстар сайрап, айнала мамыражай күйге түскен сияқты. Мен қолымдағы былғары сөмкемді тал басына іліп, ат пен есекті қосақтап бұтаққа байлап, бұлақ басына барып өзімді ретке келтірейін деп ойладым.
Жеңімді түріп, суға еңкейе бергенім сол, арт жағымнан аттың пысқырғанын, шуылдаған дауысты есітіп, мойнымды бұрдым. Қарасам бір топ ұсақ маймыл менің сөмкемді лақтырып, біреуі автоматымды иығына іліп алып ойнап жүр. Есегім тоңқып беталбаты зытып барады, атым көсіле шауып ол кеткен. Масқара енді болды. Өмірінде маймыл көрмеген біз, олармен тіл табысуды қайдан білейік. Алысырақта шоқиып ересек маймылдар да отыр, тал басында қаншасы бар екенін итім біліп пе? Жүгіріп баруын барсам да, нендей әрекет жасарыма миым жетпей қатты састым. Маған ең қымбаты жолсөмкем еді. Жолсөмкемді иеленіп алған маймылға жете алмадым. Маймыл біресе тал басына шығып кетіп, біресе басқа маймылға лақтырып, ол қағып алып үшінші маймылға лақтырып әбден әбіржітті. Оған ересек маймылдар қосылды. Ересектері күшті маймылдар, оларға менің шамам келуі екіталай. Бұл тобыр ұйымдаса бастады, қарасы көбейді. Байқауымша маған шабуыл жасамақшы, мазақ етпек... Өзім де амалсыздықтан әбден шаршадым, жылағым келді... Шоңқиып жерге отырып қалдым. Сөйткенше болған жоқ, әудем жерден аспанға бір маймыл ұшты, артынша екіншісі кетті, онан кейін тобымен ұшты... Ұшқан маймылдар топырлап жерге түсіп, кеудесінде жаны барлары алды-артына қарамай зытты... Анықтап қарасам, менің жанашыр досым жабайы адам - Қырғауыл келіп қалған екен. Маймылдардың үні өшті. Мен салбырап тал түбіне отырып қалдым. Басқа не істеймін. Жолсөмкемді досым өзіме қарай лақтырып жіберді. Өзі алыстап кетпеді. Менде жүруге шама да жоқ еді. Түн болды. Мені ұйқы қысты. Себебін білмесем де, Қырғауылдың жанымда екеніне таң қалып жатып ұйықтап кетіппін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇