Өлеңдер ✍️
Төрттағандар 19
1. Бәрі сатты...
Несіне еске алайын,
Күн қалғытып кеткендей кешкі арайын.
Тіл мәйегін бәрібір түсінбейді,
Қарауытып төбеңнен көшкен айың.
2. Таяқ еттен,
өтеді сөз сүйектен,
Сүртуді де қойдық қой көзді көптен.
Жүрек қалды шарасыз балапандай,
Жанын мүжіп жатқан бір озбыр еппен...
3. Бағалауға шеберміз бос мылжыңды,
Көңіл сынды, демейміз дос қынжылды.
Көтере алмай иттер жүр мойнындағы,
Сом алтыннан құйылған қас шынжырды.
4. Мейлі, қанша күйленсін қоң еттеніп,
Басына май жағып қой өбектеніп.
Маймыл аты маймылдан өзгермейді,
Төбет аты қалады төбет болып.
5. Бейбақ бала жар салып жетіммін деп,
Айдалада несіне өкірдің кеп...
Қасқа қатын... білмейді екенін де,
Бұл өмірден жақсы атпен өту міндет!
6. Қамап қойып тілімді тар қолатқа,
Неге мені итердің жанған отқа,
Аша алмаймын бәрібір кеудемдегі,
Сандығымда құпия... бар ма, жоқ па.
7. Өлең саған неге осы құштар болдым,
Түс көрсем де жақсыға тұспал көрдім.
Сая таппай сабырдан қалғанымда
Шұрқырап кеп кеудеме құстай қондың.
8. Шерлі абызда қасаң бақ бола алмайды,
Шері бітсе орнына қонар қайғы...
Керегені қиратқан ештеңе емес,
Туырлықты тураған оңалмайды.
9. Тіл қадірін білдік пе? Білгеміз жоқ!
Жер қадірін білдік пе? Білгеміз жоқ! -
Елім дейтін ерлігің осы болса,
"Еркегіңді" етесің кімге міндет!
10. Кейбіреу жүр көксеумен мәңгі өмірді,
Жинап алып бойына бар жеңілді.
О дүние "ләйлегін" жіпке тізіп,
Бұ дүние көзіне тар көрінді...
11. Адам адам бола мұңданбаса,
Аспан аспан бола ма сұрланбаса.
Ар-намысы қазақтың қалғымасын,
Басқасының бәрі де құр далбаса.
12. Көк ешкінің қайтесің гүл жегенін,
Білесің ғой күн батса түн келерін.
Бәрінен де жақсы екен түк білмеген,
Күлкің келіп тұрса да күлмегенің.
13. Теңдей еткен теңбілді тегі мықты,
Әлі іздеп жүр абыздар жерұйықты.
Асан ата бекерге қайғырған жоқ,
Болса екен деп жерімнің бәрі құтты...
14. Бүгін тағы, мінеки, қар жауыпты,
Жер бетіне жаймалап ақ мамықты.
Үлп-үлп еткен үміттің үрпегіндей,
Сынығынан аяздың көз қарықты.
15. Ренжітті ме қандай бір тасыр қылық,
Жанарыңа бір тамшы жас іркіліп.
Қызыл гүлдің жүзіне көп қарадың,
Ол да саған таң қалды басын бұрып.
16. Кәрі талдай сарғайған жапырағы,
Жүректерде қанша мұң жатыр әлі.
Қабақтары ашылмай гүлдің неге,
Терезенің алдында отырады...
17. Аз ба көп пе, қанағат қарынға тән,
Кеңге сілтеу құлашын дарынға тән.
Уақытпен кезінде санаспасаң,
Қайтармайды өткенді өмір қатал!
18. Қыстың көркі көрінер ақ қарынан,
Таңның көркі білінер атқанынан.
Ай менен күн сызылтып ән айтады,
Іште жатқан ойлардың қатпарынан.
19. Шырқа қане, шырқай түс ақ көңілім,
Жігерсіздің қайтесің тапшы өмірін.
Махаббатқа шырмалған әндеріңе,
Табы түсіп қалмасын жат қолының.
20. Жігіттіктің ырқына еліктеп тым,
Қиығында көзіңнің еріп кеттім.
Енді неттім... ойыма келіп еді,
Өзіңменен өзімді көрікті еткім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇