Өлеңдер ✍️
СОЛТҮСТІК ЖЫРЫ
"Солтүстік жыры" деген атпен жазылған жаңа туындымызды бастап жібердік! Оқырманды бірден аязды мөлдір даланың айбыны мен қайсар рухына бөлейтін, эпикалық сарындағы әуен мен жырдың алғашқы жолдарының өзі-ақ баурап алады. Бұл әуен өмір атмосферасын сезінуге және шабыт алуға оқырмандарға көмектеседі деп сенемін. Солтүстіктің ақ қары, өзінің бұйра-бұйра бұрқағы мен шексіздігін суреттейтін бұл туындыны оқып көріңіз және жаныңызға ләззат алыңыз, ертегіге бергісіз қызықтар әлеміне саяхатқа дайындалыңыз.
КІРІСПЕ
Болатын өзің жерде,
сезім төрде,
Ой деген торламаса сөгілген бе.
Ақ қарды борп-борп кешіп жүргеніммен,
Борыш бар шығаратын көңілден де.
Жеп-жеңіл дей алмаймын мақсатты бұл,
Орын жоқ қателікке жаңсақ түгіл.
Саңлақ сөз - күрделі ойдың шеңберінде,
Жүрмін ғой түйінін де аңсап шымыр.
Секілді жұртта қалған сүйекті өлең,
Шумағын көкірекке кім екпеген.
Иісін аяз қырттың сезінесің,
Демек бұл күндерің де құр өтпеген.
Айтуға солтүстіктің күні де ерек,
Әппақ боп мөлдірейтін түні де ерек.
Адамға арман қуған ақ түтектен,
Сенімді хаски керек, бұғы керек.
Итшана, қиял қайда зымырайтын,
Шегі жоқ еркіндіктің - құны да айқын.
Көкжиек - төрт тұсың сағым сынды,
Өмірде өшпейтін де, құрымайтын.
Бұл жақта кездеспейсің дімкәс жанға,
Ойлайсың бәрін бірдей - құрдастар ма?..
Жылы жүз, ыстық құшақ, ашық пейіл,
Өзің болып кетеді сырласқанда.
Жат өлке, суық өңір, мұзды аймақ,
Мен жүрмін мақсатты істің жолын сайлап.
Сәлемін елге апару – басты арманым,
Білдіріп сезімімді жырмен жайнап.
СОЛТҮСТІК ЖЫРЫ
Солтүстіктің армысың асқақ белі,
Әппақ қарға бөленген аспан, жері.
Қақырай ма, көк мұздар көбесінен,
Шыңдала ма мінезді дастан тегі.
Мұндағы аяз – батырдың қабағындай,
Шайқап жатыр ақ түтек шалабын жай.
Бойды алғанда шымырлап суық желі,
Қайсар ақын рухының жалауындай.
Қамшы бастым... итшана алға сырғып,
Ақ даланы кеттім де белден сызып.
Хаскилердің демінен бу бұрқырап,
Бара жатқан секілді мұзды бұзып.
Қар ішіне жасырған жымын бәрі,
Ақ түлкі де бұлаңдап көрінді әне.
Табиғаттың еркесі – істік тұмсық,
Итшанаға жақындап сұғынбады.
Сыртта аяз, дүние мұз құрсанған,
Боран тұр көкжиекті қысып алған.
Бірақ менің кеудемде бір от жатыр,
Бәлкім бұл да суықтан нәр алғаннан.
Кетті міне, басталып мұздың жыры,
Қалып қойған ақ қарда үлкен сыры.
Елім тыныш, адамзат аман болсын,
Тіршіліктің жалғассын ұлы күні!
Менде еш құпия жоқ жасыратын,
Жасыратын немесе асыратын.
Мұндағы сахалар да өзім сынды,
Салт-дәстүрі Тәңірге бас ұратын.
2
Құлағың сал, ағайын, жыр бастайын,
Көк мұз жұтқан ортадан сыр тастайын.
Солтүстіктің аспанды қуыратын,
Ақ түтегін бесікке құндақтайын.
Ұзыны мен ендігі ақ айдынның,
Көмбесі боп жатыр ғой талай жырдың.
Ақ аюлар мекені – мұзды таулар,
Ұсқынындай көрінер сан қайғының.
Қар астында қалғыған тыныштық бұл,
Тыныштық бұл иесі ырыс-құттың.
Білсең мұнда қатулы қабақ емес,
Қайталанбас мамыра тынысты ұқтым.
Итшанамен зымырап жол кешемін,
Ақ боранмен ақтолғай тілдесемін.
Жүрегімде лапылдап от тұрғанда,
Оянады ақұштап күнге сенім.
Көкжиекке көз тігіп, талғамды иіп,
Жүрген жандай сезімді ақ түнмен жуып.
Бұл өлкеде өмірдің мәні басқа,
Шыңдалады рухың арман қуып.
Жұлдыздарға қарасаң қол созымдай,
Ай сәулесі жайылған ақ қозыдай.
Солтүстіктің әр таңы – бір ғажайып,
Ақ қағазға жазылған хат соңындай...
Шексіздіктің шеті жоқ құшағында,
Табиғаттың жүресің нысанында.
Әрбір соқпақ мұндағы – бір шежіре,
Қалғып қалған тарихтың бұтағында!
3
Ақ даланы итшана тіліп өтер,
Балтырыңнан әппақ қар сызып өтер.
Қайсарлық пен төзімді серік етсең,
Мұздан соққан жолыңды гүлің етер.
Күміс ершік көкжиек таққандай боп,
Мұз астында күн көзі жатқандай боп.
Ақ әлемің – тазалық ұстанымы,
Атар таңның кіршіксіз ақ саңындай.
Тізгін мықты - ақ қайыс қолдағы бұл,
Сыналатын төзімнің тармағы бұл.
Жаңғырығып иттердің ерен даусы,
Қар астынан оянған жолдары тұр.
Мен айтпаған достық жырын кім айтады замандас,
Қазақ, саха, бір туғансың, кездескенде амандас!
Қар ұшқындап, бетті осып аяз тұрды,
Боран келіп алдымнан сая құрды.
Бірақ менің сапарым тоқтамайды,
Алға сүйреп келеді қиял түрлі.
Табанында шананың мұз сықырлап,
Сырын айтқан сияқты қыс сыбырлап.
Күнге қарай бет алған сапар ғой бұл,
Көңілімде күмбірлеп жыр сыңғырлап.
Өзінше бір сырттансып үшір алған,
Саналады ақ боран күші бардан.
Менің ойлау қуатым одан артық,
Секілдімін сөнбейтін мысы бар жан.
Жан жылуы – тоңдырмас қаһарда да,
Алай-түлей боран бар маңайда да.
Рухы асқақ адамның болса егер,
Гүл жайнайды тіпті мұз сарайда да.
Мен айтпаған достық жырын кім айтады замандас,
Қазақ, саха, бір туғансың, кездескенде амандас!
4
Итшанамен зымырап келем басып,
Ақ дүлеймен, мұзбенен араласып.
Кенет мұздың артынан шыға келді,
Дәу ақ аю – кетердей жағаласып.
Тұрып қалды ол маған тесе қарап,
Суық көзбен қойғандай жеке талап.
Мұзды әлемнің қожасы айбат шекті,
Сырттан келген, әрине - бөтен одақ.
Хаскилерім тік құлақ, ырылдасты,
Сәл шегініп, сес беріп, ұжымдасты.
Мен де тоқтап, демімді ішке тарттым,
Айта алмаймын деп бірақ сұсым қашты.
Достық жайын қырылысу, жұлысу деп кім айтты,
Болашақты ойламаған адам мені мұңайтты!
Қару емес, қасқайып қайрат қылдым,
Жүрегіммен оған да жылу бұрдым.
Аң патшасы ұқты ма ішкі сырды,
Үнсіз ғана бұрылып тайып тұрды...
Сапар алға жалғасты, жол ашылды, -
Ақ боран да бәсеңдеп, мол ашылды.
Солтүстіктің тылсымы тағы бір рет,
Көрсетіп жүр доспенен санасуды.
Бұл сапар – тек даланы кезу емес,
Өзіңді мұз ішінен сезу емес.
Бұл – әлемнің пәктігін жанмен ұғып,
Жалғанның кір-қоңынан безу емес.
Тазалықпен Солтүстік мақталады,
Адалдықты сақтайды жастар әні.
Кіршіксіз қар үстіне жазған жырым,
Оқырман жүрегінде жатталады.
Достық жайын қырылысу, жұлысу деп кім айтты,
Болашақты ойламаған адам мені мұңайтты!
5
Ақ бораның гүрлесе – табиғаттан,
Оны әрине, етемін өзім мақтан.
Бұл өлкеде көбірек ештеңе жоқ,
Қатар жүрген тізіліп балпанақтан.
Кірпіктерге қондырған қар ұшқынын,
Мақұлықтың көрсең ғой нағыз түрін.
Екі қанат және бар екі аяғы,
Жануардың білеміз жалғыз қырын:
Ұша алмайды! Жөндеп те жүре алмайды,
Жүргені сол - өкшемен бұраңдайды.
Құс тұмсығы балпақтың
суға тисе,
Дода көрген жүйріктей қылаңдайды.
Бұл сапарым - тек даланы кезу емес,
Мұз ішінен өзіңді сезу емес.
Бұл - әлемнің пәктігін жанмен ұғып,
Жалғанның кір-қоңынан безу емес!
Мұзды мұхит деп бекер аталмаған,
Өлке ғой бұл ақ боран "отарлаған".
Бірге қайнап кетпейді бұл ауылға,
Жүрегінің жылуын қотармаған
Көздің жасын таппайсың моншақтанар,
Моншақтанар тырсылдап мұзға тамар.
Ара-тұра мұң шалған қабағыңды,
Ала қашар аулаққа итшаналар.
Кеңдігіндей көңіл бар мұнда айдынның,
Шаршамадым өзім де тынбай жүрдім.
Ақ түтек пен аспанның арасында,
Қалыптадым тарауын гүлдей жырдың.
Әппақ сезім ұлыған көкке қарап,
Тыңдап тұрмын әуенін отқа балап.
Қар ұшқыны көзіңде күмістеніп,
Өкінбейсің нем бар деп жоққа жолап.
Бұл сапарым - тек даланы кезу емес,
Мұз ішінен өзіңді сезу емес.
Бұл - әлемнің пәктігін жанмен ұғып,
Жалғанның кір-қоңынан безу емес!
6
Жүректен жыр ақтарса мендік үміт,
Ақтүтекте әлемнің теңдігін ұқ!
Шіркін көңіл шабыты - бұл да дүлей,
Қатты ағыс тастайды сеңді жығып.
Жалғап жатқан сұр аспан, ақ даланы,
Ізіңнен де жоқ жасап қаңтарады.
Түні бойы тоқтамай жұлдыз жауып,
Жерде жатыр шашылып жаңқалары.
Көз тояды қарасаң айналаңа,
Бұл көркемдік бар шығар айда ғана.
Бір түйір шаң таппайсың көру үшін,
Таяздардың ойында пайда ғана.
Ақборандар бұрқасын, жаусын мейлі, мұздақтар
Солтүстікке жетпейді рухы жансыз сызды ақпар!
Өмір ғой бұл бергісіз ертегіге,
Серік болсын сенімің ертеңіңе.
Жылытатын бойыңды өз бораның,
Мақсат емес жетуің жер шегіне.
Солтүстіктің керек шын әппақ қары,
Пәк сезіммен арайлап атпақ таңы.
Боран ұлып тұрғанмен жаным жылы,
Тарқағандай жалғанның қатқақтары.
Мұзда жанған алаудай асқақ арман,
Кездесерсің беймәлім баққа алдан.
Бұл өңірдің тылсымы ерітеді,
Аяз жеген жүректі тастан болған.
Көкке өрлеген көңілдің ақ бұлтындай,
Бұл өлкенің әр сәті—аңқып тұр жай.
Ақ түтекте арқауын үзбейді өмір,
Саха елінің көне бір сарқытындай.
Ақборандар бұрқасын, жаусын мейлі, мұздақтар
Солтүстікке жетпейді рухы жансыз сызды ақпар!
7
Талғамы асқақ үйренген аққа жастан,
Жүрегінде оты бар, тоқтамас жан.
Ақ даланың төсінде еркін өскен,
Жүйріктерің аулақ қой бақталастан.
Тұяқтыға жылқының бәрі тұлпар,
Қанаттыға құстардың бәрі сұңқар.
Мәңгі мұздың көркінде қызғаныш жоқ,
Айтатыны тек қана - "табысыңдар"!
Зымырайды алдыңда барша шана,
Көңілдері секілді ақ шағала.
Ақ бораннан құт сауған адамдары,
Шын достыққа сусасаң, кел, Сахаға!
Жыр айтайық шалқысын, алыстағы ағайын,
Күміс хомус сыңғыры, ашып көңіл сарайын.
Тұнжырау жоқ, қату жоқ қабағында,
Сүрінбейсің бұл жақта дара мұңға.
Қазақ Саха бір туған, жүрсең болды,
"Достық" атты сезімнің алаңында
Бас сауал ғой бұл сезім адамзатқа,
Жақсыларда жол басқа, қадам басқа.
Айтқыш болсаң жасампаз жалынды айт,
Бұл өмірде ешкіммен жамандаспа.
Қар астынан көктемде көк шығады,
Қызыл гүлдің көзінде шоқ тұрады...
Күйген дарақ таппайсың солтүстіктен,
Кім келсе де бақытын тапты бәрі.
Мергендікті кететін тез ұқтырып,
Сахалар ғой - бәрінен озық түрік.
Бос қуыс деп ойлама қардың асты,
Табандағы жылуды сезіп тұрып...
Жыр айтайық шалқысын, алыстағы ағайын,
Күміс хомус сыңғыры, ашып көңіл сарайын.
8
Тұнық өлке суарылған сабырға,
Ештеңе емес оған аяз, дауыл да.
Келгің келсе, Сахаға кел бауырым,
Тап боласың еңбекқор бір қауымға.
Дариядай пейілі бар тасыған,
Итшанасы ақ түтекте жосыған.
Саха жұрты мұзда сайран салады,
Ештеңесін аямайды досынан.
Танауында бұрқыраған буы бар,
Шаңырақтай мүйізі бар бұғылар.
Сілкінгенде жотасынан қар шашып,
Қанағаттан көкірегің жылынар.
Қазақ қызы, саха қызы, айырмасы бар қандай,
Көздері де, сөздері де, мейірімге малғандай.
Таныстырам төріменен Саханың
Ежелден-ақ түркінің бір отанын.
Мұндағы аяз білгендерге тым ыстық,
Болмайды оған күшінің де шатағың.
Жып-жылы ғой сахалардың сөзі де,
Сені сынап сындырмайды көзі де.
Оқушының қолтығынан түспейтін,
Әліппесі қазақтың дәл өзі ме?!
Ақ мақтадан айнымайтын қар қандай,
Қалай тұрсың шабыттан бас айналмай.
Мұнар-мұнар көгі де бар саханың,
Жұлдыздарын қолмен тізіп қойғандай.
Ауасын айт, қымыз иісі аңқыған,
Айналып та кетпейсің бе салтынан.
Күлдір-күлдір кісінеген ақбоздың,
Танып тұрсың тұяғын мұз тарпыған.
Қазақ қызы, саха қызы, айырмасы бар қандай,
Көздері де, сөздері де, мейірімге малғандай.
Жаса, жаса, дархан көңіл, дархан жер, жаса, жаса!
9
Тұздай кермек ащы терің - еңбегің,
Қажет пе екен адамға өмір жеп-жеңіл!
Сахалардың жетіп жатыр, алтыны,
Асқан байлық керек емес өзге бір.
Білсең мұнда - нәр болады күн нұры,
Табылмайды бұл жақта адам ынжығы.
Әндерін айт, күркірейтін көмейден,
Сақа дала сонысымен жып-жылы!
Күркіреу де сахалардың айбыны,
Түркі салты - білдірмейді қайғыны.
Ақ балтыр қыс жанды жаздай жібітіп,
Сабыр-сабыр дегізеді ойлыны.
Дауылында жатыр қайсар мінезі,
Керек болса - ай, жұлдыз да бір өзі.
Әруағы жүрегінің төрінде,
Өзіменен бірге өмір сүреді.
Көндіккен ғой табиғаттың ырқына,
Арша талдар жатыр балқып ұйқыда.
Ақ тиіннің ауызы тыным таппайды,
Қара жидек тығып алған ұртына.
Айта берсең жырыңды да ұлғайтар,
Сырыңды да өсіреді күнге айтар.
Мына тұрған қарағайлар ертең-ақ,
Домбыраға айналады күй тартар.
Жапырақтың сыбдырын да шертесің,
Ғашықтардың жүректерін өртесін...
Сахаларша хомусыңды құшақтап
Қазақша айтып бұл өмірдің келтесін...
10
Қызық көрме аспандағы шолпанды,
Күрсіндіріп, күйдіретін қолқаңды...
Қолыңа алсаң ақ түтектің тізгінін,
Саха жері кептірмейді аңқаңды.
Саха жері – тұнық ақыл аңғарсаң,
Бар бақытың алдыңда тұр қамдансаң.
Шолпанның не, Андромеда жаныңда,
Ғашықтарға қиғылықты салған сан...
Саха елінде жай суың да - бал қымыз, -
Бал қымыздан бойға қуат алдыңыз.
Сағыныштан жаратылған жылуды,
Көне түркі тамырына салдыңыз.
Тамыр деген - бірін бірі жоғалтпау,
Жоғалғанның барар жері - таң атпау!
Сахаларда аялдама жоқ соңғы,
Мұның бәрі достық жырын қабаттау!
Бұйым бар ма, жасамайтын шеберлер,
Шебер деген барып тұрған кемеңгер.
Қазақ - Саха ағайынды, ол да аз,
Түгел Түркі жайын ойла, өрендер!
Саха жері - сахарасы боранның,
Сығындысы жүзіңдегі жамалдың.
Жүректегі мұздан өткен аяз жоқ,
Ісі емес бұл бір бейшара сараңның.
Кел, бауырым, кел, төріне Саханың,
Саха десе орнын табар мақамым.
Сұлу жырын тыңдағанда Түркінің,
Етек, жеңім, желбірейді шапаным!
11
Пах, шіркін, жайнат! Жайнат!
Аяз бетті аймалайды, күйдірмей,
Жүректегі мұз ериді сүйдірмей.
Кел, бауырым, ақ төрін көр Саханың,
Көк теңізден тамыр тартқан шүйгіндей.
Қаздар қайтты көк мұнарын қақ жарып,
Уақыт қой, көктем жатыр назданып.
Табиғаттың кереметін қараңдар,
Бәйшешек пен жауқазындай аз ба алып...
Мұз қатпарын тік көтерген гүлдер бұл,
Секілді ғой жер астынан өнген жыр.
Арқалы елде ақ боранды әндеткен,
Сүп-сүйкімді "палуандар" қайдан жүр.
Әлемге паш еткен даңқын, атағын,
"Жақұт" сөзі баламасы Саханың,
Сол тастардай қар астынан жылт еткен,
Якут достар өсе берсін қатарың.
Өсе берсін-қанаттарың жазылсын,
Азаматты ширатады төзім-сын!
Отбасының ерлік жайын толғаған,
Жыраулардың кейіпкері өзіңсің.
Бабалардың аманатын ұстандың,
Атын жегіп Өмір атты ұстаздың.
Айлы түнде аңызбен де тілдестің,
Қанатынан түсіп қалған құстардың.
О, Сахалар! Тәңір сүйген нағыз жұрт!
Арғы тегі қарт Қаратау, Қазығұрт!
Келбетінде көкбөрінің рухы бар,
Ұлы тарих, жатыр міне, жазылып!
Айналаға жалықпай
Қараңыздар ұқыпты.
Кім жеңіліп, кім ұтты!
12
ЖЕР-АНА ШЕШІМІ
Тыңдай білсең дір-дір еткен хомусын,
Сахаларға сөз айтудың өзі сын.
Әуенінен сонау күміс аспаптың,
Төгеді ғой талай аңыз жемісін.
Өзі барып жаусырамас шеп құрып,
Түркілердің қанында бар тектілік.
Аттамаған ала жібін ешкімнің,
Көрсін мейлі, қанша аштық, жоқшылық.
Соқпақ салған сахалардың салтына,
Асқақ аңыз жыр айтқызды жалпыға:
Жер анадан өзі барып сұраған,
Эллей Боотур "енші бер, - деп халқыма!".
Жер анада жоқ ешкімді алалау,
Жоқ ешкімді енші бермей қуалау.
Елі үшін еңіреген кім бұл деп,
Іші жылып батырға бір қарады-ау!
Соныменен бақыт тілеп сеніммен,
Бесігі бар үш қайыңнан өрілген.
Ақ қар басқан Лена бойы түп- түгел,
Сайын дала Сахаларға берілген.
Бұл шешімге күмәніңіз болмасын,
Бәріңізді Көк Тәңірі қолдасын.
Олонхо - жыр аңызында айтқандай,
Солай құрған сахалар өз ордасын.
Саха халқы жырсыз өмір сүрмейді,
Хомус жоқ па? Шаруасы жүрмейді!
Одан қалса, хаскидің бер тізгінін,
Енді саха ешкімге бой бермейді.
Жаса, Саха, жаса! Жаса!
13
АЙЫЫСЫЫТ НҰРЫ
Осындай-ақ болар нағыз аманат,
Алтын ұрпақ етсін бәрін қанағат.
Неше мың жыл өтті екен сол "шешімге,"
Жұрт жадында тұрған сап-сау саламат.
Сес көрсеткен жылжыған сең, қарғынға,
Септігі ме ақборан мен қардың да.
Қырт аязға сынбай тұрған сан ғасыр,
Адам білмес бір тылсым күш бар мұнда.
Тірек боп тұр бәлкім бұған Олонхо,
Қасиетті саналады бұл өлке.
Жер-ананың назары ерек түскен жер,
Сыймай бара жатсың қайран өлеңге!
Ақ түтектің шығаратын тортасын
Жайсаң өлке мені өзіңе тартасың.
Ақ аюлар балпаң-балпаң басатын,
Балпанақтар қатар түзеп жортатын.
Мәңгі аман бол, көкбөрі мен қар-құйын,
Өзің барда Саха болып шалқиын.
Аман болсын аруларың қиғаш қас,
Қазақ қыздан айнымайтын томпиың!
Хомус үні ақ тұлпардай қанатты,
Кетті көкке, Саха халқын оятты!
О, керемет! Қазақ - Саха жастары,
Жағып қойшы санаңдағы шырақты!
Тербетілсін алтын "ДОСТЫҚ" бесігі,
Орындалсын Айыысыыт қыздың өкімі! -
Аналардың жерге түскен Нұры бұл,
Нақтырағы - Тіршіліктің есігі!
Жайна нұр, жайна нұр,
Қол шапатта, қайда гүл!
Бірін бірі сағынған,
Қошақандар қайда жүр!?
Сахалардың әні бұл,
Түркілерде мәні жүр.
Бола алмайды ешқашан.
Саналыға бәрібір...
14-ші дискі
ЧЫСХААН аңызы
Аяз қыртпен әзілдескен еті өліп,
Саха жұрты ілбімейді
жөтеліп.
Ақ боранды құрметтейді бәрі де,
Мұз атасын төбесіне көтеріп.
Бір жымиса бесіктегі бүлдіршін,
Суық болса кетеді еріп күн шіркін.
Жаңа ашылған қызыл гүлің түк те емес,
Құлпырғанда Сақа қызы құлпырсын.
Қатал қыстың әміршісі - Чысхаан,
Оның дағы өз заңы бар ұстаған.
Бір түшкірсе отырып-ақ тағында,
Зат қалмайды далаңызда ұшпаған.
Сақалынан бұрқыраған ақ боран,
Жерге шапан жауып, әбден баптаған.
Мейірім көп құдайында қыстың бұл,
Полюс бойын жып-жылы етіп сақтаған.
Қай дәстүрін сахалардың алсаң да,
Телмірмей-ақ, қайыңтозға, май шамға.
Білсең болды қазағыңның өз салтын,
Күнделікті бірге жүрген ортаңда.
Күнге сәлем, отқа май құй, аласта,
Кішісің бе, қайт үлкеннен, таласпа!
Бәрі ұқсап тұр қазақ - саха үрдісі
Сыйына бер тауға, суға, ағашқа!
Ай астына жатып ал да қиялда,
Жібер көзді көкжиекке, қиянға.
Қазақ, Саха жершілдігі - көреген,
Адаспайды, қараңғы түн, тұманда!
Ақ түтектер басылды,
Қардың асты ашылды.
Аспан асты әндетіп
Ақ маржандар шашылды.
Кел билеңіз, саха қыз,
Кел билеңіз, қазақ қыз.
Достар қайда қол соқсын,
Көп те емес, аз-ақпыз!
15-ші дискі
КӨК ТӘҢІРДІҢ БАТАСЫ
Таудай мұзды жіберетін тез өңдеп,
Ақпараты жазылғанмен өзен деп,
Лена сұлу - жердің күретамыры,
Атырапты ойлап жатқан елеңдеп.
Қолаң шашы мың-сан өрім тармақты,
Көк Тәңірден міндет алған жан-жақты.
Сең аударып "қайнап" жатқан өзеннің,
Қасық суы несібең ғой ардақты.
Күретамыр бүлкілінен танбайды,
Жер ағзасын бір біріне жалғайды.
Көк кемелер қара нарлар секілді,
Солтүстікке жетелеген шалғайды.
Қара нарды шымыр еткен жүк шығар,
Шымыр-шымыр жүректерге түк шығар.
"Достық-Достық", түгел Түркі бас қосса,
Бұған теңдес Ұлы дүние жоқ шығар!
Тағдырына налымайтын мықтылар,
Аязды да жатырқамай құт қылар.
Адам жанын тебірентер мейірман,
Жақсылардың жанарында шоқ тұрар.
Қасиетті көктем келді, біліңіз,
Топырақты беліңізге түйіңіз.
Киелі отқа табыну да өз салтың,
Ысыах тойы басталады, көріңіз!
Көк Тәңірдің батасы бос кетпейді,
Омоғой мен Эллейге ешкім жетпейді.
Үрүң Айыы Тойон қолдап барлығын,
Саха жұрты баталы іске беттейді.
Баталы іс - аталы іс,
Айқын ғой бет алыс!
Тереңді тектеңіз,
Мың жылдық аты аңыз.
Ебелек көрмейсіз,
Көбелек көрмейсіз.
Құндыны құндақтап,
Көңілге түйгейсіз!
16
ТОҒЫЗ ҚАБАТ АСПАН
Саха аспаны - тоғыз қабат, біліп ал,
Басқа ешкімде жоқ ғажап бұл дүние.
Адам жаны батқан сайын жылынар,
Табиғаттың сонау тылсым күйіне.
Жер кіндігін іздесеңіз - ол дағы,
Табылады ақ боранның астынан.
Аан Алахчын киесі мен талғамы,
Хомус шерткен тасқын әуен, тасқын ән!
Көз шырымын ала қалса егер күн,
Ақ түтектің соққаны деп біліңіз.
Ұйпа-тұйпа жүн сабаған "шебердің"..,
Арасынан хаскилерді көріңіз.
Саха бейғам, хаскиі бар қасында,
Жер кіндігін бес саусақтай білетін.
Жөні бар ғой үрікпейтін расында,
Ақ боранға көзді жұмып кіретін.
Өр Тайганың бағы Баян Баянай,
Жолаушыны жетегіне алатын.
Мақсатыңа бас қамшыны аямай,
Тұсың осы Ұлы жолда жанатын!
Тілің - қалқан!
Елің - бағың!
Жер - байлық!
Деп кеткен ғой Эллей Боотур бабаңыз,
Сол сеніммен жүрсің жолда қалмай жүк,
Мұны да бір Құдыретке санаңыз!
Адамына құт сыйлаған - жол ашық...
Ақ даланың төсінде еркін заулаған.
Саха, Қазақ қос ұстасып қырға шық,
Көк Тәңір де, Табиғат та қолдаған!
Ұлы достық сіңірі,
Хас болаттан берік-дүр!
Күміс хомус дірілі,
Таңғы шықтай еріп...тұр.
Домбырамның үкісі,
Үлпілдейді дем іздеп,
Бұл да оның қақысы.
Күйдің жөні келіп тұр! -
Ал, бас, қане, шырша ағаш,
Сахаларға құт ағаш,
Сен қолымда тұрғанда,
Қасқа көңіл жұтамас!
Жұтамас! Жұтамас!
17
КҮН ШЕҢБЕРІІНДЕГІ БИ
"Осуохай" күні де келді міне,
Шуақ сеуіп Саханың әр күніне.
Қатар түзеп құрбылар дөңгеленіп,
Би билеп жүр лайықты дәстүріне.
Дүңк-дүңк етіп бір шеттен дүңүр шықты,
Шарт-шарт етті қолдағы тұйах мықты.
Кырымпаның сызылған жөні бөлек,
Секіріп жүр жердегі құрақ тіпті.
Күнге тағзым - билесең шеңбер құрып,
Қатар тұрып өндірдей қыз бен жігіт.
Түбі Түркі болған соң бәрі мерген,
Садақ тартса шығады жүзден жүйрік.
Бес мың жылдық "Сэргэнің" даңқы ғой бұл,
Сахалардың ежелгі салты ғой бұл.
Көк пен жерді ұстап тұр осы дәстүр,
Қажеті не адамға артық ойдың.
"Алгыс" та бар сахада "Бата" да бар,
Абыздары жарысып "атақ" алар.
Қазақ, Саха - бабалар бәрін де айтқан,
Із қалдырмай ұрпағы қапа болар!
Тыңда, азамат, тыңдай бер құлақ болса,
Маңдайыңа титімдей сұрақ қонса.
Кім біледі астында мәңгі мұздың,
Төбе қанша, тау қанша, қырат қанша?..
Уақыт қой бұл, ешқашан, кері ақпайтын,
Жері де жоқ алдында тұрақтайтын.
Мәңгілік жоқ ештеңе, досың болса,
Құшақтай біл кезіңде құшақтайтын!
Қанаттар ашылсын
Қаңқылдап қаздай бір.
Сағыныш басылсын,
Маздай біл, маздай біл!
Маздай біл!
18
ҚОС АРУДЫҢ ҰҚСАСТЫҒЫ
Күн тұрғанда жерге нұрын себелеп,
Сахада көп айтар небір керемет.
Жақсылығы кеткен түпсіз аңыз боп,
Күннэй қызды іздейтіндер неге жоқ?
Қасиетін тұтас саха ес қылған,
Мұңы болса аманаттап тапсырған.
Тәңірімен жалғастырған халықты,
Ақ түтектен, сақтап тұрған тасқыннан.
Күннэй қызды, әрі әдемі, әрі есті,
Қақымыз жоқ етуге елге көмескі.
Жәудір ана есіміндей қазақтың,
Қалай ұмыт қалдырамыз, Кеңесші!..
Талай апатты ауыздықтап, дос болған,
Тау тұлға қой бұл екеуі - қос қорған!
Бірі Қазақ, бірі Саха, бірақ сол,
Татулыққа қол қоятын - Басты Ордаң!
Әрі нәзік, әрі қайсар, бұрымды,
Екі ұлттың қыздарын айт, бұрыңғы.
Сылмау керек омыртқадан жұлынды
Қою керек өз орнына жұрынды!
Екі қыздың еңбегі де - Тәңірден,
Күлімдеген көздері де - Тәңірден
Екі ескерткіш аз болады жандарға, -
Халқы үшін арпалысқан өліммен.
Түркі туын желбіреткен еңселі,
Қазақ қызы қараүзген емші еді!
Саха қызы Көк Тәңірмен жалғасса,
Ақ түтекке тұншыққанда жер шегі!
Қос ару! Қос ару!
Екі жұртты мәпелеген,
Жақсылыққа жетелеген.
Мінеки, қос ару,
Қос ару - дос ару!
Ұмытпау- сізге міндет!
Ұмытпау-бізге міндет!
19
БҰЛҒЫН БӨРІКТІ АРУ
Көк Тәңірдің ақ батасы түскен жер,
Боран ұлып, мұзды өлке тұр тітіреп.
Бұл аймақта жүреді тек күшті ерлер,
Ал, бұл ару олардан да күштірек!..
Күлдір-күлдір кісінетіп аруың,
Хомусынан күй толғайды заңғарға.
Көріп тұрып кеңістіктің жануын,
Мөлиеді тайгадағы аңдар да!
Сұр аспанның сыздата бір жүрегін,
Хомус үні құлаш ұрды тереңге.
Сиқырлы саз шашып түтек түнегін,
Кетті айналып жарқ-жұрқ еткен беренге...
Бұлғын бөрік ару қыздың басында,
Жаны бірге хаски, ол да қасында.
Ақ боранның демі кенет үзілді,
Тізе бүгіп сарын деген асылға.
Құдырет қой, айта алмайсың басқа деп,
Темір тілден шыққан күйді - қасқа... леп!
Қажет болса ақ түтекті оятқан,
Қажет болса тоқтау айтқан "саспа" деп..
Құлақ түрген Жер-ана мен көк аспан,
Хомус үні — өте көне жәдігер.
Қазақ бақсы, Саха шаман қарасқан,
Саулық сұрап, болған жанға әбігер.
Сақа аруы - еркін құсы даланың,
Көк Тәңірмен тілдесетін рухы бар.
Ұқсастығы гүж-гүж еткен араның,
Ұясындай екі ұлттың да ғұрпы бар.
Жаса қазақ!
Жаса саха!
Тұтастығың ұқсап-ақ тұр белге таққан белдікке,
Бауырға кір "қандас" де,
"хаан урууы" келдік де!
Жаса қазақ! Жаса саха! Бауырлас!
20
ҰЛЫ АТАЛАР БАС ҚОСТЫ
Көк Тәңірі бөліп қойған үш сипат:
Жоғарғы әлем,
Ортаңғы әлем,
Төменгі...
Секілді бір өлеңдегі күшті ұйқас,
Бәрі де оның қажет етеді өнерді!..
Жоғарғы әлем - тоғыз қабат аспаның,
Ортаңғы әлем сен және мен жүрген жер.
Төменгі әлем - жер асты ғой, басқа мін,
Таппайтындай қап-қараңғы түгел көр...
Бірақ, бірақ Ойун шаман игерген,
Үш әлемнің ілімін де тылсымын.
Көре аласың оны қара түндерден,
Есте сақтап қал, рухтардың пішінін.
Қолындағы қара дунгур шаманның,
Қара түнде дүңкіл-дүңкіл қағады.
Қара рухтар дерт құрсаған адамның
Денесінен құстай ұшып шығады...
Ештеңенің емес қой бір елесі,
Мазмұны да айтылатын батаның.
Бұл құбылыс айнымаған дәл өзі,
Зікір салған ӘжіАқымет атаның.
Заты мәлім, есімі өшкен тарихтан,
Ұлы есімі естен шыққан Ұлылар,
Еңбегіне мұқым Түркі қаныққан,
Ұлт жадында еміс-еміс жыры бар.
Көк Тәңірі қолдап жүрсін Қазақтың,
Зікіршісін - қайталанбас тұлғасын.
Көк Тәңірі қолдап жүрсін Саханың,
Ойун - шаман өсиетін жырласын!
Иесіне үш әлемнің,
Назымызды айттық біз де!
Егіз жүрек құсалы едің,
Бір соғатын көктем...күзде...
Айт, берекет!
Қайт берекет!
Көлге үйрек, қаз қонсын,
Қазақ, Саха мәз болсын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇