Аңыздар ✍️

  10.06.2026
  39


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Алданған аққу

 


(Өмір аңызы)


Аңыз дейік,
Сонда-дағы өмір бұл,
Жас шағыңда өмір нұрлы, көңіл - гүл.
Шағын ғана бір ауылда бейкүнә
Болған еді әдемі аққу - көгілдір.


Сол көгілдір көркем еді,
Пәк еді,
Аяулы еді, асқақ еді әдемі.
Арман толы жүрегіне арудың
Жоламаған ешбір жанның әлегі.


Сұлу еді сол көгілдір
Таңдардай,
Сұлулығын адам қоймас аңғармай.
Қара бұлттың көлеңкесі түспеген,
Аппақ ару ақындар жыр арнардай.


Сол арудан болғандар көп
Үміткер,
Ұсынатын жүректерін жігіттер.
Мың адамға жалғыз өзі татитын
Көгілдірдің жан-жүрегін ұғып көр.


Мен жыр жазам
Көзден жасым төгіліп,
Қайғысына қабырғам да сөгіліп.
Сұқтанғандар көгілдірге көп еді,
Қайран ару, сезді екен не біліп?


Бұл қазақтың бәрінен де
Тойы көп,
Тойдан өзге кейде оның ойы жоқ.
Қиырдағы бір ауылға келді ару
Құрбысымен қызық көру ойы боп.


Көгілдір-ай,
Еркін жүзген айдында,
Қанатыңды қызыққа еріп жайдың да.
Осы тойда қарақұсқа кезігіп,
Сол болды ғой сенің шерің, қайғың да.


Отыздағы сол қарақұс
Шалыпты,
Көгілдірді тамсандырған халықты.
Жас аруды аңдатпастан шеңгелге
Түсіретін бір амалын тауыпты.


Бейкүнә боп, дені сұлу бір жансып,
Сол қарақұс көлгірсіпті ділмарсып.
Қашандағы ару қыздар аңғалдау,
Ал арамы келеді ғой сұмдар-сұқ.


Ару бала, айласы жоқ,
Ұрыншақ,
Кез келмеген оған мұндай бұрын сәт.
Әлгі жігіт - отыздағы қарақұс
Отырыпты оны арбап, сұғын сап.


Жылмаң тілмен жас аруға жақсын да,
Бір амалын алдауменен тапсын да!
Арам ойын асырыпты жүзеге,
Көгілдірді топшысымен қақсын да.


Көз жұмулы десең-дағы,
Ел мейлі,
Аяғы ауыр қызды қалай көрмейді?
Қаңтар-қыста оны салған қақпанға
Қара ниет жаз өтсе де келмейді.


Кетіп еді: "Қамықпа!" деп,
"Алам!" деп,
Ару жүрді жолын тосып алаң боп.
Анасына жайып салды бар сырын
Ақылдасар адамы ғой,
Амал жоқ.


Бермей қойды сол қарақұс дерегін,
Қолы жетті, алдап алды керегін.
Ару қалды жүрегіне у толып,
Қайтсін енді, шекпейді ол неге мұң?


Опық жеді абайсызда баласы,
Соны ойлаумен қайғы шекті анасы.
Қара ниет қарақұстың арбаумен,
Аққу-құсты жұлмалауын қарашы.


Асыл ана балайтұғын заңғарға,
Сенен асар, пана болар жан бар ма?
Баласына жанын қияр аналар,
Қиын сәтте ана барын аңғар да.


Қайран ана, асқақ еді қиялы,
Шамшырақтай нұрландырған ұяны.
Кенже қызын қалай жатқа қияды,
Сол жігітің адам ба екен зиялы?


Кім екен ол, білген бұрын оны кім,
Адам ба екен өнеге етер өмірін?
Осы жайды айтып-айтпай не керек,
Күйеу бала қалдырды оның көңілін.


Жақсысы бар, жаманы бар - өмір бұл,
Уға толды, болды енді көңіл кір.
"...Керегің жоқ, күдер үз!" деп жазылған
Жеделхатын алды кейін көгілдір.


Көгілдір-ай -
аққу-құстың баласы,
Ойда жоқта толып кетті наласы.
Шарқ ұрады ауылында амалсыз
Қолдан келер болмаған соң шарасы.


Көрді солай ойда жоқта тосынды,
Сүю деген сезімін де өшірді.
...Жыл өткенде жылмаң қағып келгесін
Амалсыздан қарақұспен қосылды.


Арасында бар едәуір айырма,
Қарақұс кеп қонды аппақ қайыңға.
Қаншама жыл содан бері өтуде
Аққу-құстың жан-дүниесі - уайымда.


Ол жылайды,
Ақын да оған ереді,
Көгілдірдің көзінен жас көреді.
Өмір ғана жыламайды, ол - мылқау
Өмірге тек қатыгездік - керегі!


Жанарынан жазылмайтын сезіп мұң,
Қайран Мағжан, Аққуыңа кезіктің.
Ол жүр екен озбырлыққа көнумен,
Езгісіне өзімшілдің төзіп тым.


Мейлің асып,
Мейлің кейін атыңдар,
Көгілдір-ау, самғуыңа хақың бар.
Сырға ұғып, жырды жазып, жүрегін
Жаралайды сүйе білген ақындар...


Болмасыншы бұдан әрі көңіл-кір,
Жадырасын шуақ шашып өмір бір.
Аспаныңа самғай берші, Аққуым,
Ауылыңнан түлеп ұшқан КӨГІЛДІР!


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ


"Солтүстік Қазақстан" газеті. "СҚ"-ның қосымшасы. Ақ семсер. 20 ақпан 2009 жыл. 3 бет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу