Өлеңдер ✍️
Бес күн жалған...
Тағдырым шығар, жазылған мына маңдайға.
Сұм дүние маған, жеткізбей осы, алдай ма?
Кім білер, бәлкім, алдымда шығар қызығым.
Бес күндік жалған татымай кетпе таңдайға.
Алдамшы тағдыр, біреуге беріп барлығын,
Біреуге енді, көрсетер өмір тарлығын.
Біріне сыйлап, бақытты, балғын сәттерді,
Біріне оқып жатыр-ау, қатал жарлығын.
Бес күндік жалған кімдерге опа болған-ды.
Сенім мен сезім - екеуі бірдей алданды.
Ойлаппын, мына өмірді менің қолымда,
Өтемін-ау, деп, белінен басып жалғанды.
Талпындым бірақ, мақсатқа биік, еңселі.
Арманым алда, көңілім соған сенсе еді.
Бес күндік жалған көрсетер талай қызығын,
Үзбеймін үміт, "үмітсіз -шайтан"-деуші еді...
Уақыт-тапшы, сол жағы мені қинайды,
Бір Алла ғана, көңілге үміт сыйлайды.
Пенделік жасап, сенімнен енді кетпеспін,
Бес саусақ бірдей, ауызға еркін сыймайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇