Жетісуда «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі ашылды
Қазақ әдебиетіндегі жаңа есімдерді танытуды мақсат еткен тың бастама – «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі Жетісу өңірінде өз жұмысын бастаған болатын. Бұл жоба – жас әдебиетсүйер ұрпақтың қабілетін ұштауға арналған бірегей авторлық мектеп.
Ауылдан – әдебиетке!
Жетісу облысында алғаш рет ұйымдастырылған «Мизам» әдебиет мектебі – шығармашыл оқушылар үшін жасалған тарихи мүмкіндік. Жоба аясында облыстың барлық аудандары мен қалаларында әдебиетке бейімі бар 6–10 сынып оқушыларына арналған шеберлік сабақтар өтті.
Мектептің ерекшелігі – жылжымалы формат. Ақын-жазушылар мен әдебиет мамандары әр өңірді аралап, шығармашылыққа бейім оқушылармен бір апта бойы жұмыс істеді. Сабақтар «Оқу және талдау», «Жазу мәнері», «Редакциялау» секілді жеті бағыт бойынша өтті. Жетекші оқытушылар қатарында – мәдениет қайраткері Жұматай Оспанұлы мен ақын, «Егемен Қазақстан» тілшісі Мұхтар Күмісбек болды.
Сабақтар – шабыт пен серпін алаңы.Әдеби сабақтар қатысушылар үшін ерекше атмосферада өтті. Оқушылар өз ойларын ашық айтып, авторлық өлеңдер мен әңгімелер жазуға тырысты. Әрбір сабақта пікірталас пен пікір алмасу орын алып, қатысушылар бір-бірінің шығармаларын талдап, бірлесе ой қорытуға үйренді.
Көптеген оқушылар алғаш рет өз шығармасын көпшілік алдында оқып, кәсіби кері байланыс алды. Бұл – олар үшін үлкен серпіліс, шығармашылыққа деген сенімнің бастауы болды. Әдебиет тек пән емес, сезім мен ойдың еркіндігі екенін олар іс жүзінде сезінді.
100 үздік оқушы – ақтық кезеңде!
Оқу жылының соңында 100 үздік оқушы іріктеліп, ақтық сынға өтті. Олар арнайы шақыртумен Талдықорған қаласына жиналып, танымал жазушылармен кездесуге мүмкіндік алды.
Ерғали Бақаш, Есболат Айдаболсын, Қанат Тілеухан сынды қаламгерлер оқушылармен ашық сұхбат өткізіп, әдебиет, жазу техникасы, шығармашылық еркіндік туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Жас қатысушылар авторларға сұрақ қойып, кітаптарына қолтаңба алып, нағыз әдеби ортаның дәмін татты.
Сонымен қатар, оқушылар арасында түрлі байқаулар өтті.3ші маусым күні өткен қорытынды кеште белсенділік білдірген оқушыларға қаржылай сыйлықтар табысталды.Тәлімгерлердің айтуынша бұл тек бастамасы.
Қазір де “Мен оқыған үш кітап” байқауы өтуде.Біз кітаптарды оқып,ұстаздарға мүмкіндігінше кітап,автор,шығарма жайлы өз ойларымызбен бөлісеміз,оқушылар арасында талқылау жүргізуге тырысамыз.Ал үздік оқырман қыркүйек айында қаржылай сыйлықпен,бағалы кітаптармен марапатталады.Біз өз ауданымыздағы оқушылармен қарқынды түрде кітап оқудамыз.Мен қазір үшінші кітабымды оқып жатырмын.Тек үш кітапқа тоқталмай,тағы кітап оқуға тырысамын.
«Мизам» жобасы Жетісудағы жас ақын-жазушылардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған. Әдебиет мектебінің арқасында жаңа есімдер ашылып, өңірлік әдебиетке серпін берілді. Бұл – тек сабақ емес, шығармашылықты оятатын тірі тәжірибе алаңы.
Мизамның арқасында өз қаблеттерімді тереңдеттім,өлеңдерімді дұрыс жазып үйрендім, кітап оқуға деген құштарлығым артты.
Ал ең бастысы, журналистикаға деген алғашқы қадамдарымды басып келемін.Бұл жолда да,Мизам маған қолдау көрсетуде.
Бұл мектептің шәкірттері жиі ұстаздарымызбен бас қосып отырамыз.әзіліміз жарасып, бір- бірімізге бауыр басып қаламыз.
Шәкірт үні: “Мен Мизамның шәкірті екеніммен мақтанамын!”
«Мизам» мектебі жас қаламгерлер үшін тек білім емес, шабыт сыйлаған рухани кеңістікке айналды. Қатысушылардың бірі айтқандай: “Мен Мизамның шәкірті екеніммен мақтанамын! Бұл мектеп менің өзімді табуыма, сөзге, ойға, әдебиетке шын ғашық болуға жол ашты. Мизам – бұл жаңа, әдебиетқұмар орта. Мұнда тек үйретпейді, шабыттандырады.”
Шыныменде,Мизам аз уақыттың ішінде көп оқушыны Абаймен достастырды.Мен де Мизамның арқасында өзімді таптым,әдебиетті жаңа қырынан таныдым.Мизамға деген алғысымыз шексіз.
Айта кетейік, мектептің ұйымдастырылуына Жетісу облыстық мәдениет басқармасы қолдау көрсетіп, бастама облыс әкімдігінің тікелей қамқорлығымен жүзеге асты.
Мақала авторы:Танысбай Айханым Алиқызы
Жетісу облысы,Сарқан ауданы.
Екіаша орта мектебінің 9 сынып оқушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇