Өлеңдер ✍️
"Крещениеде" сұп-суық суға түсіп
Шариғатты білмей қап тұтылғандар,
Христианның дәстүрін тұтынғандар.
"Крещениеде" сұп-суық суға түсіп,
Өз дінінен безген бе мұсылмандар?!
Қазақ кімге шынымен еліктеген?!
Самрат, елдің бұл ісін теріс деген.
"Крещениеде" Алла деп суға түсті,
Оразада ауызын бекітпеген.
Құрбан айтта бір қойын қимағандар,
"Крещениеде" бар-жоғын жинағандар.
Көлдің мұзын ойып жүр, жанын салып,
Қол жай десең, дұғада қирағандар.
Арақ қойған үйлерді шарлағандар,
Өмірлерін жүз грамға арнағандар.
"Крещениеде" Құдай деп суға түсті,
Уақыт тауып мәулітке бармағандар.
Бейсенбіде, жұмада жұмыс дейді,
Бармағанын мешітке дұрыс дейді.
"Крещениеде" бір минут суда тұрып,
Бес минутқа қарасақ ұлыс дейді.
Бұдан басқа халыққа айтарым жоқ,
Өзге дінге тосатын айдарым жоқ.
"Крещениеде" түсер ем салқын суға,
Ұрпақсыз қап өтетін жағдайым жоқ.
Болса, Құран-Кәрімде қосылар ем,
Талай мұзбен тілдесіп тоғысар ем.
Мұхамедтен басқа жоқ Пайғамбарым,
Суық суға әйтпесе шомылар ем.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇