Өлеңдер ✍️
АЛЖЫҒАН ШАЛЫМЫЗ
(Шымшыма)
Қорланып біткен соң арымыз.
Жоқпен тең болады барымыз.
Ұлтымның құндысын сорлатып
Зор болды алжыған шалымыз.
Мәстектер қаптады маңына,
Шын жүйрік ілеспей шаңына.
Зар болып отырмыз дәл қазір
Бақыттың арайлы таңына.
Уақтылы бергендер дәрісін,
Жетістік қылып жүр әр ісін.
Жасты да түсінбей барамыз,
Әулие көретін кәрісін.
Дұрыстап алмай дерт шипасын,
Ашкөздік жасаған би асын.
Анығын айтатын айтқыштар
Паналап кеткен ой кичасын*
Сөзіміз болмайды одағай,
Жырымыз – ұққанға модағай**.
Аман-сау жүргенін тілейді,
Жарқырап көрінген қодағай***
Қазағым, тұғырдан құлама,
Нақылды қор қылма, ғұлама.
«Бір тәулік ашыққан адамның
Ақылын қырық күн сұрама».
Ауырған жанға ас батпайды,
Қарны аш, мида ақыл жатпайды.
Аурудың қабағын бағатын
Халыққа нұрлы таң атпайды.
Іскерге үмітпен қарайық,
Елінің қамына жарайық.
Дерті бар жан иесі алжиды,
Оны да ұмытпа, халайық.
Кеңейіп кетпейді тарымыз,
Наныңа масыл-ау салымыз.
Төрің мен көріңе көпір боп,
Тұрады алжыған шалымыз...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇