13.05.2025
  168


Тарихын таныған ұрпақ - тамыры терең елдің тірегі

 


 


Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттың рухани тұтастығы мен болашағы - оның тарихын білетін, өткеннен сабақ алатын жас ұрпақтың қолында. “Өткенін ұмытқан - ел болмас” деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Тарихын таныған ұрпақ -  елінің тамыры мен тегін, жетістігі мен жеңісін, қайғысы мен қасіретін түсініп, соған қарап болашағын дұрыс бағыттай алатын ел.


Қазақ халқы - мыңдаған жылдық тарихы бар ел. Ұлы Даланың қақ ортасында өркениеттің көне ошақтары, Түркі қағанатының мұрасы, Алтын Орданың ізі жатыр. Бұл - тек өткеннің шежіресі емес, бүгінгі ұрпақ үшін мақтаныш пен жауапкершілік. Әрбір нәресте - сол тарихтың жалғасы.


 


Бүгінгі өскелең ұрпақ, мына біз - болашаққа ұлтымыздың мәдениетін, құндылығын, тарихын жеткізетін жандармыз. Оны қазіргі жастар қаншалықты түсінеді? 


2024 жылдың желтоқсан айында, өмірімде бүгінгі күні ойлағанның өзінде қапаландыратын жағдай орын алды. 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты көрініс дайындау тапсырмасы менің мойныма жүктелді. Өз қатарлас сыныптарымнан қатысушыларды таңдап алып, дайындықты бастап кеттік. 


Желтоқсан бірде,


Ел тосқан түрде,


Келетін мүлде жайдарлы.


Сол жылы бірақ


Әдеттен жырақ


Көрінді шын ақ айбарлы.


Тоңдырды мені,


Тоңдырды сені


Желтоқсан желі ызғарлы.


Солдырды гүлді,


Оңдырды нұрды,


Көңілде мұңды із қалды.



  • деген ән шұмақтарын қорытынды бөлімде айтып жатқанда, кейбір оқушылардың әзіл қып тұрғанын байқап, қаным басыма шапты. Бүгінгі зайырлы, егеменді ел болуымызға себеп болған бұл оқиғаны осы заманның жайқалған күнін сүріп жатқан ұрпақ білмесе, кейінгісі не болмақ? Әлде..бұл оқушының сараңдығы емес, мемлекет саясатының қателігі ме? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан аса уақыт болса да, бұл елеулі күндерді лайықты дәрежеде тойлауға әлі де қауқарымыз жетер емес.

 


Осы тақырыпты тереңінен зерттеу барысында: «Бүгінгі жастардың көпшілігі тарихты тек ҰБТ үшін ғана оқиды, ол ұлттық сана мен өткенге құрмет жоқтығының белгісі.» - деген тарихшы Жақсылық Сәбитовтың пікіріне жолықтым. Фактуалды тұрғыда бұл - ащы шындық. Осы тұста мемлекеттік саясаттың жоспарлы әрі мақсатты бағытта жүргенін байқауға болады. Қандай сынақ яки тест болсын -  ұлт болашақтары тарихты меңгерді. Мақсат та - осы. Мен өзім де нақ осы жолда еліміздің тарихын тереңінен түсініп, жаңа қырынан тани бастадым. Соның арқасында қазіргі патриоттық сезімім - бұрыңғысымен салыстыруға да келмейді.


 


Менің ойымша, тарих - бұл тек өткенді білу емес, ол - ел болашағы үшін жауапкершілік сезіну. Тарихын білмеген жас - тамырсыз ағашпен тең. Ал тамырын таныған ұрпақ - елін сүйетін, ертеңін қорғайтын, отансүйгіш азамат.


Сондықтан біз, жас ұрпақ, тарихымызды терең зерттеп, оны құрметпен қабылдау арқылы еліміздің мәңгілік болашағын құра аламыз. Өйткені тарихын таныған ұрпақ - тамыры терең елдің тірегі!


 


Алматы облысы, Іле ауданы


№39 гимназия оқушысы


Әділхан Кәусар


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу