Өлеңдер ✍️

  21.04.2025
  386


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

Гүл әкелдім мен бүгін қабіріңе

Мама, бүгін аналар мерекесі,


Сен едің ғой бағымның берекесі.


Сегіз көктем саған сыйлық бермегелі,


Біраз болды басыңа да  келмегелі.


 


Кешір ана келмедім көптен бері,


Сен кеткенде  дәл осы көктем еді.


Сегізінші наурызды жек көремін,


Сенсіз  қалай мереке өткеремін.


 


Қабіріңе гүл әкелдім ренжімеші,


Еркелетіп баяғыдай елжіреші.


Гүл сатқан қыз: -Гүл ал,-деді- анаңызға,


-Анам жоқ-деп айта алмадым ана қызға.


 


Барсың ана тірісің жүрегімде,


Ғашық едің қайтейін  бұл өмірге.


Бір құшақ гүл сыйлаған күн есімде, 


Қуанып ең сол күні  білесің бе?


 


Гүл әкелдім мен бүгін қабіріңе,


Көнемін ғой Алланың әміріне.


Өте берер,мәнсіз боп жылдарым да,


Жаның болсын жұмақтың гүл бағында.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу