Өлеңдер ✍️
КІМ КІНӘЛІ?
Кім кінәлі?
Қиыс кеткен қиюы сұм заман ба?
Әлде білмей бекерден сын тағам ба?
Жақсылықтан жамандық көп естиміз,
Осы ғасыр ел үшін шын жаман ба?
Іздеп жазсаң әділет бұл ғаламда,
Сия жетпей сарқылар қыл қаламда. Қайран елім, қайраңда жатқандар көп,
Ауа қармап балықтай құм жағаңда.
Шұбарланған үш тұғыр тіл балаңда,
Оян қазақ!
Алдың күңгірт, біл алаңда.
Елдігіңнен не пайда, жатқан кезде,
Өртке оранып сәбиің күл, шалаңда.
Ел билеген басшылар сұм, арам ба?
Жауап тауып бере алар кім араңда?
Ұрпақ үшін қимайтын ел байлығын,
Бұл үкімет шынымен тым сараң ба?
Сонша қиын ел билеу шырғалаң ба?
Әлде, миын мәңгүрттік шырмаған ба?
Министрлер алдына жан салмайды,
Жалған сөйлеп, мінбеде жырлағанда.
Төгілердей қытайың тұр жағаңда,
Сақ бол елім, көңіліңді бұр оған да.
Жерін қорғар өскенде Отаным деп,
Бала емес пе байлығы, бұл қоғамда?
Түсініксіз ми жетпес сұрақ маған,
Бұл халықтан неге үкімет жырақтаған.
Қасиеті қазақтың қайда кетті?
Жесірлерін жетіммен жылатпаған.
Білмей жатып десеңіз үкім етпе.
Айтыңызшы ел басшы өкілетті.
Періште бес сәбидің өліміне,
Заман ба әлде, кінәлі үкімет пе?
Еркін Оралбайұлы. 6.02.2019
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇