Аңыздар ✍️
КӨПТІ КӨРГЕН
(аңыз желісімен)
Ертеректе бір патша даңқы асқан,
Уақыт екен атағы шалқып тасқан.
Кемшілігі қатыгез, қатал екен,
Ашуынан жасқанып халқы сасқан.
Шығатыны сияқты алтын тастан,
Демейді ме күш-жігер ақыл жастан.
Бір күндері сол патша ел жинапты,
Өзгертем деп елінің салтын бастан.
—Өмір мынау белестен қалқып асқан,
Кəрілікті жүреміз қам қып жастан
Ескі шөптің орнына белгілі ғой,
Өсетіні жас құрақ шалқып басқан.
Халық саны көбейіп аң-құс қашқан,
Қысыламыз жетіспей əр қыс астан.
Құтылуға шештім мен əр бір шалдан,
Пайдасы жоқ асқанда алпыс жастан.
Алаңдатар жастарды "шал" қамы көп,
Басып жатса өсірмес тау қары шөп.
Шыныменен шалдардың зияны көп,
Қартайған соң жұмысқа қауқары жоқ.
Еліміздің басында бақ тұрсын тек,
Жастар ғана әскерде сап құрсын- деп.
Жарлық етті әкесін алпыстағы,
—Тау басынан әр бала лақтырсын-деп.
Қарсыласса жаза алар қаупі төнген,
Ерік-жігер шарасыз қалпы сөнген.
"Хан айтса қалт айтпайды" демейді ме?
Қорыққаннан амалсыз халқы көнген.
Талай-талай осылай жыл өтіпті,
Ханның ісін көршілер жыр етіпті.
Алпыстағы шалдарды таудан тастап,
Көтере алмай қазаны шың ентікті.
Келмей жібі қысылды ел қол күрмекке,
Ерген көніп бір жігіт сол дүрмекке.
Қимаса да əкесін заңды орындап,
Тауға апарды лақтырып өлтірмекке.
Тауға апарған әкесін шарасыздан,
Ашығандай болғанды жара тұздан.
Бағып-қаққан жасынан жан əкесін,
Қалай қисын тастауға қара құздан.
Өмір болды мынау деп кіл күйінген,
Жүрегіне баланың кірпі үйілген.
Таңданыспен қарады жүзін көріп,
Өлер алды əкенің күлкі үйірілген.
—Түзу іске əкешім жеге жүрдің,
Жақсылықты жүрекке еге білдің.
Бүгін сені өз балаң өлтірмекші,
Біліп тұрып осыны неге күлдің?
—Мен де осылай бір кезі аһ ұрғанмын,
Орындағам бұйрығын "тапқыр" ханның.
Бұрын мен де амалсыз жан əкемді,
Осы таудан қолыммен лақтырғанмын.
Үмітімді жүрсем де алға кезеп,
Күн туғандай беретін арға есеп.
Түсінгеннен күлгенмін ұлым білсең,
Бұл қу дүние екенін алма-кезек.
Ісін ұқты өзінің қата қылған,
Санасы артық ұл еді қатарынан.
Əке өмірін сақтауға бел байлады,
Қорықса да патшаның қаһарынан.
Көп жылдардан қинаған дүйім елді,
Шешпек болды жас жігіт түйінді енді.
Әкесін ол жасырын тығып бақты,
Үлкен сандық ішіне үйіндегі.
Ешкім білмей бұл сырды тек өзінен,
Шу шығарар жасқанып жел сөзінен.
Ел көшкенде сандықпен алып жүрді,
Ол жасырып әкесін ел көзінен.
.. Алыс таудың көшкен ел сағасына,
Ат сабылтып ұзақ жол таға сына.
Бір күндері көш келіп аялдапты,
Айдын көлдің қонбақ боп жағасына.
Ұзақ жолдың аялдар шағы қызық,
Ойын ойнап ұландар жағы қызып.
Гауһартастың жатқанын елдер көрді,
Көл түбінде айменен шағылысып.
Көрсе қызар көз тоймас, сарқар асты,
Тасты көріп патшадан қауқар қашты.
Терең суға ел-жұртын айдап салды,
Алыңдар деп бұйырып гауһар тасты.
Ынсаптан дүние, алтын ғазал күшті,
Патша басын айналып тажал ұшты.
Су астынан гауһарды алмақ болып,
Небір жігіт тұншығып ажал құшты.
Қол жеткізбей жарқырап тас түнекте,
Бұндай ажал адамға қас тілеп пе?
Патша өлтірер түспесе, түссе де ажал,
Кезек келді баяғы жас жігітке.
Суға батты небір ер қос- қостан көп,
Көл жағасы шулаған қоштасқан топ.
Сандықты ашып соңғы рет өлер алды,
Жігіт келді əкемен қоштаспақ боп.
Бейшара қарт жатса да дене қурап,
—Жатыр-деді—мына жұрт неге шулап?
Жігіт айтты —еліме қайғы келді,
Аққан жасқа алардай жебе улап.
Суда жатыр гауһар тас күнді ұйытқан,
Тасты ал деп қаһарын тұр құйып хан.
Суға батып барлығы өліп жатыр,
Алмақ болып гауһарды тұңғиықтан.
—Су түбінде ешқандай асыл тас жоқ,
Білсе егер-деді қарт жасырмас көп.
—Көл шетінде жайқалған болу керек,
Өсіп тұрған бəйтерек жапсарлас кеп.
Ұшып жүрер алып құс қия шыңда,
Самұрық құс бəйтерек қиясында.
Бəйтеректің басына ұя салған,
Гауһар тасың сол құстың ұясында.
Бұл патшаның білмеген қай əуресі?
Болмаған ғой ой тоқыр сай кеудесі.
Жарқыраған тереңде гауһар емес,
Ұядағы гауһардың жай сəулесі.
—Жастығыма ақылды сай кем еткен,
Түскендей бұл төбеме жай кенеттен.
Осыны айтып жас жігіт əкесіне,
Алып түсті гауһарды бəйтеректен.
Қауіп кетіп басынан жан жұбанды,
Көлдің бетін өліктен қан жуғанды.
Қолға тимей неше күн ыза қылған,
Гауһар тасы табылып хан қуанды.
Ала салар сақтаған мүлкің емес,
Кезді күмəн хан ойын күңкіл елес.
Уəзірлердің данышпан басы жетпей,
Жас жігіттің табуы мүмкін емес.
Уəзірлер де бұл ойын қоштап қалды,
Жігіт енді қауіпті құшпақ халді.
—Шыныңды айт, əйтпесе дарға асамыз,
-Деп жігітті жан-жақтан қыспаққа алды.
Бөрі алдында сияқты ит ығып үрген,
Патша мысы ер жанын сығып сүрген.
Қорыққаннан амал жоқ көрсетеді,
Көп жылдардан әкесін тығып жүрген.
Шалды көріп патшасы ашуланды,
Көз қызарып көтеріп ашу қанды.
—Дарға ас-деп екеуін бұйрық берді,
Шама келмей бой алған басу шаңды.
Қария сонда —дат-деді —айтарым бар,
Ажал күткен алдымда қайтарым жар.
Басын кеспек болса да, тіл кесілмес,
Хан екенсің ақылы аз, байқарың тар.
Теріс айтып ақылды бұра берген,
Уəзірлерің ақылды жыра жеген.
Ақсақалсыз ақылгөй елің надан,
"Ақылды көп көргеннен сұра деген".
Тиері анық ашудың ұшы маған,
Көмек болмас жастардың күші саған.
Гауһар тасты талдағы, судан іздеп,
Халқың мынау қазаға ұшыраған.
—Әділдікті мен әлі қиған жоқпын,
Сөздеріңнен ақсақал иман ұқтым.
Өмір бойы қате істеп, теріс ойлап,
Ақыл жастан дегенге иланыппын.
Пайдалы озбаса да атан шауып,
Білмеске əр кездескен апан қауіп.
Жанымда кеңес айтар уəзір бол-деп,
Оң жаққа отырғызды шапан жауып.
—Бар еліме ақылым жариялар,
Іс істеппін қатемен ар ұялар.
Көрсетілсін сый-құрмет үлкендерге,
Төрде отырсын құрметпен қариялар.
Ақылы аз күші бар жас жүр толып,
Қолдан келмей, ауызбен қасқыр соғып.
Алдын кеспей үлкеннің сый көрсету,
Сол заманнан қалыпты дəстүр болып.
Еркін Оралбайұлы 18.07.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇