Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  325


Автор: Жібек Ысқақова

ҒАЖАП МЕКЕН, ЕЛІМ СЕН — ҚАЗАҚСТАН!


Туған жерім, Отаным! Байтақ елім,
Өзің жайлы келеді айта бергім.
Өмірімнің көктемі — Қазақстан,
Ән-жырымсың шырқатып айтар менің!
Табиғатың тамаша баурап алар,
Жүректерді ғашық қып, жаулап алар.
Ғажап мекен елім сен — Қазақстан,
Әр күн сайын жанданып, алда болар!
Шуақ шашар, нұр шашар таңым да сен,
Бұлбұл құсы сайраған бағым да сен.
Махаббатым, ғашығым — Қазақстан,
Құшағыңда еркелер жаным да сен!
Басылмайды сезімім саған деген,
Мен өзіңді Отаным — анам дер ем.
Бұлағыңнан сусындап — Қазақстан,
Тебіреніп сен жайлы жазам өлең!
Бақыттымын өзіңмен, күйім осы,
Сенде тудым, ең ғажап сыйың осы!
Бауырмашыл, қонақжай — Қазақстан,
Жанға жайлы жып-жылы үйім осы!
Қырандары көгінде қалықтаған,
Тарихынан сыр шерткен алып далам.
Көк байрақты, айбатты —Қазақстан,
Сүюден мен өзіңді жалықпағам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу