Өлеңдер ✍️

  28.12.2022
  89


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

“Сапарларың болсын мәңгі ғұмырлы!”

“Сапарларың болсын мәңгі ғұмырлы!”
Тілек айтып талдар тұрған үзіліп.
Ерніне іліп қызғанышын іңірдің,
Мұңға батып қалған еді қыз-ымырт.
Баяны жоқ бақыт, сірә, мазақ па,
Жұлдыз неге тіл қатпайды бізге айғақ?!
Салған еді өзін қатты азапқа,
Тамырында мамыр түннің тұз қайнап.
Тұрмап па еді іштей құптап Ай күліп,
Жапырақ та шырқымызды бұзбаған.
Шаттығымды жұтып қойды қай күдік,
Көгілдірдің мамығына мызғаған.
Ерніңнен өзегіме өрт тиіп,
Шоққа айналғам қасіреті мүлде өлмес.
Кеткен ыстық айықпайтын дерт құйып,
Сен бұлақ боп,
Бұлақ сен боп күлген кеш...
Сол бір күлкі...
Мен естіген ақырғы үн,
Тауқыметті тірлігіме тау сырлас.
Өзімді өзім алдап келе жатырмын,
Елесіңе ертек айтып таусылмас!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу