Мұрат Мөңкеұлы «Сарыарқа» өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 8-сабақ.


Құндылықтар қоржыны

1. Топ мүшелерімен әдебиеттегі құндылықтарды жазып қоржынға салыңыз.

2. Қоржынды өзге топқа ұсыныңыз.

3. Қоржындағы құндылықтарды «Сарыарқа» өлеңінің үйде жаттаған үзінділерімен үндесуін талқылап ой қорытыңыз.

Тізбектеу

«Сарыарқа» өлеңінің мәтінімен жұмыс жасаңыз.

  • Топтың әр мүшесі өзіндік зерттеу объектісін таңдап алады.
  • Нысан туралы ақпарат жинақталады.
  • Топ мүшелері ақпаратпен алмасады.
  • Негізгі ұғымдар мен тізбектер талданады.
  • Есте сақтау үшін ортақ кесте, сызба жасалады.
  • Зерттеу жұмысының ортақ нәтижесін рәсімдейді.
  • Зерттеу нәтижесін ұсынады.

 

Зерттеу объектісі:

Сарыарқа

1

Біз көштік Сарыарқадан бермен асып,

Көлденең Сағыз бенен Жемді басып,

Ат мініп, киім киіп, тұқым алдық,

Сүйектес жақын жұртқа араласып.

Сыртымнан бір қыстамай сын тағыпсыз,

Қонаққа сүйте ме екен келген сасып.

Қонаққа сүйте ме екен сасып келген,

Алыстан жақын жұрт деп асып келген.

Тәңір айдап, Маңғыстауға еріксіз қуды,

Ісім жоқ кісі өлтіріп, қашып келген.

Сөз айтқан өздеріңе сын емес пе,

Ел едік – беріш, адай бірге жүрген.

2

Бұ қоныс – жеті жұрттан қалған қоныс,

Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.

Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай,

Біз түгілі осыларды да алған қоныс.

Бұ қоныс – жеті жұрттың кеткен қоныс,

Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.

Кәмелсіз қонған елін көп тоздырған,

Қайырсыз осы секілді неткен қоныс?

Әуелде құтты болса неге кетті,

Еңіреп Қазтуғанның көшкен қоныс.

3

Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,

Сарытау, Аштарханның жерін де алды.

Артынан Еділден соң Нарынды алды,

Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды.

Ар жақтан Қайыпалды, Науша қашып,

Тарлықтың содан бері қаптағаны.

Тәмамы, су мен нуды орыс ұстап,

Қазақтың мұнан жұтап шалынғаны.

Қуалап Исатайды өлтірген соң,

Заманның содан бері тарылғаны.

4

Ойды алды үш Оймауыт, тоғыз Тортай,

Кең қоныс мұсылманға қалынбады.

Үш қиян – жеті жұртты тоздырған жер,

Жер үшін қайыры жоқ тарылмалы.

Шекшекей, Құтым қашып, Әбенді ұстап,

Ерлерге ерегіскен не қылмады?!

Бір қазақ еркек болса Махамбеттей,

Мұны да аңсыз күні жазымдады.

5

Замана, қауіп етем, қырланғаннан,

Қазақты айналдырды Сырды алғаннан.

Ақыртып асау таудай Орал суы,

Кешегі Бекқожа мен Тұрланды алған.

Ерлігі ер жігіттің Өтендей-ақ,

Мұны да қате қылды бұлғаңдаған.

Бұрынғы кеткен жұрттың әдетінше

Адыра, құтсыз қоныс кімді алмаған?!

6

Бұ сөзді бәйіт еттім мұңданғаннан,

Заманға тура билік тыңдалмаған.

Қажы қашты Жалмұхамбет, Беркінменен

Өзінің кетем деген сертіменен.

Кіндігін, кірін жуып кескен жерден

Қысылмай ер кете ме еркіменен?!

Бұрын да адыра қалғыр, құтсыз еді,

Егескен ердің бәрі жер тіреген.

Қонысқа таласасыз бұ заманда,

Біз түгіл Асан Қайғы тентіреген.

7

Бұл сөзі бәйіт еттім мұңданғаннан,

Заманға тура билік тыңдалмаған.

Шұбырып сексен үймен Алдаш кетті,

Кәпірдің қорлығына тұлданғаннан.

Шұбырып сексен үймен Алдаш кетті,

Тоздырды Сырда шауып Қаныбекті.

Ерлігі бір жігіттің Дәуіттей-ақ,

Өлтіртті ол да орысқа ер Бөлекті.

Мақтанса үш алшынның салмағындай,

Сырттағы тілеу, қабақ, қалың шекті.

Артынан көп әскермен Мәмбет қуып,

Әкелді Орынборға ер Есетті.

Күш қалды мұсылманның қай жерінде,

Көзіміз көріп туды сол өсекті.

8

Әуелі Әлім менен Табынды алды,

Тоздырып ақсүйектің тағын да алды.

Әленді Күсеппенен Сібірге айдап,

Бұ жұрттың қара түгіл ханын да алды.

Қазақтың хан – шегесі, жер – мұрасы,

Тағынан хан тайған соң бақыты қалды.

Ұршықты, Қарашоқы, Бәкі, Балқы,

Машырық, Теке, Сарық, Мәрі халықты да алды.

Баласы мұсылманның нашарланды.

Кең қоныс қайдан іздеп таптырады?

9

Бұ жерден дін мұсылман жеті кетті,

Біреуі екі келіп, екі кетті.

Кеткен жұрт жетеу емес, алтау еді,

Біреуін екі санап жеті депті.

Әуелі осы жерден ноғай кетті,

Баласы мұсылманның нобай кетті.

Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай,

Әрі өтіп, Тесіктаудан солай кетті.

Артынан Телағыс пен Нәрік кетті,

Өзіне ерген жұртын алып кетті.

Жер қарап, он екі жыл желмаямен,

Асан би жердің үстін танып кетті.

Ақыр да қыл жалаулы қалмақ кетті,

Қуалап Дәулеткерей солдат кетті.

Су қарап он екі жыл қайықпенен,

Асан би жердің үстін барлап кетті.

10

Жылады көшерінде шайқыларың,

Қайғының сонда біліп айтыларын.

Қонысты жұрттан қалған «менікі» деп,

Бұ күнде ие болған қайсыларың?!

11

Артынан қазақ жұрты кетем деген,

Соңынан Асан бидің жетем деген.

Айтса да кетем деп ол кете алмаған,

Соңынан Асан бидің жете алмаған.

Саураннан Тезен тауы қайта көшіп,

Әрі өтіп, Тесіктаудан өте алмаған.

12

Бұ жерге сонан қайтып қазақ қонған,

Әдіре талай жұртқа азап болған.

Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы,

Бойынан Үш қиянның қарап қонған.

Екі адам қарай шыққан ауылынан,

Кеңесіп Әлімұлы, Байұлынан.

Көзіммен көргенім жоқ ешбіреуін,

Есітемін бұрынғының дабылынан.

13

Есболай, Кете Әжібай қарай келген,

Қасына батыр Жары Шотан ерген.

Әжібай Сарыарқаны қыстап қалып,

Керелді Есболай бай белгілеген.

Қонысқа таласасыз бұ заманда,

Жер еді анайы кімнің құлыны емген.

14

Ел едік, біз де өзіңдей шалықтаған,

Мал бітіп, қара қалың қалыптаған.

Ақты қой, қылаң жылқы қызылды нар,

Тең ауды төрт түлік мал шауыттаған.

15

Біздің ел қайтушы еді Сағыз жайлап,

Тепсеңге суы шыққан бие байлап.

Қызыл шай, жез самаурын, саздың суы,

Сәскеде пісуші еді әзер қайнап.

Шақырып бір-біріне бие сойып,

Ақсақал тарқаушы еді кеңес ойлап.

Ат мініп, алма мойын, жібек жауып,

Мырзалар жүруші еді одағайлап.

Сыйласқан төре-хандай бір-бірімен,

Айырды ағайыннан күліп ойнап,

Халқымның салтанаты еске түссе,

Жүрегім өртенеді оттай жайнап.

Ел едік, біз де өзіңдей шалықтаған,

Мал бітіп, қара қалың қалыптаған.

Ақты қой, қылаң жылқы қып-қызыл нар,

Тең ауды төрт түлік мал шауыттаған.

16

Наршөккен, Топырақшашты – жылқыға жай,

Саралжын, Маңғытпенен бәрі де сай.

Сыймаған маң далаға сонша малдан,

Құдайым тастамады бір торы тай!

Алланың құлы болсаң – бізге күлме,

Біреу – бай, біреу – жарлы қылған құдай.

Бар еді тәуір қоныс Тайсойғандай,

Ақ шөпті, семіртуге әрі малды-ай.

Шақырып бір-біріне бие сойып,

Ақсақал тарқаушы еді жанаралдай.

17

Күз болса қонушы едік Қаракөлге,

Ащылы екі жағы жайлы жерге.

Көкпегін іргесінен сүйреп жағып,

Мол дәулет бітуші еді біздің елге.

Шалқыған шалқар көлдей қайран жұртым,

Бытырап, қоңсы болды әркімдерге.

18

Нарғозы құдығы еді Есболайдың,

Отырған күнін көріп жарлы, байдың.

Жылқыны Тұзбұлаққа айдап тастап,

Су еді жалдандырған құлын-тайдың.

Су ішіп Нарғозыдан шыққан жылқы,

Бәйгелмен басушы еді Жездібайдың.

Сыймаған ен далаға сонша малдан,

Құдайым тастамады жалғыз тайды.

Алланың құлы болсаң бізге күлме,

Ісіне кім көнбейді бір құдайдың?!

19

Базарбай, Қабыршақты, Кенен, Құрмас,

Адыра, құдық еді суы сырлас.

Ат мініп, алма мойын, ақ үй тігіп,

Демеңіз әлі де біз де кеңес құрмас.

Байұлы он екі ата жұтаса да,

Сарсылтып бұ секілді біздей қылмас.

Сөзіме жаман кісі түсінбейді,

Анайы ер түсінер сөзге мұңдас.

20

Қабанбай, Қарақалпақ, Малайсары,

Кенжеден көрінеді жұрттың бәрі.

Су ішіп, Көтібайдан өрістеген,

Мәтештен асушы еді жылқы малы.

Бұ күнде айтқанменен нанамысың,

Нешікте тоқталып тұр халықтың бағы.

21

Тайсойған, Орал бойы өскен жерім,

Кіндігім, кірім жуып, кескен жерім.

Құрбымен жағаласып бірге жатып,

Жарты құрт тату күнде жескен жерім.

Тайсойған, Орал бойы өскен жерім,

Қызығын дәулетінің білген жерім.

Ат мініп, мырзалардан нар жетелеп,

Қызылын әуестікке киген жерім.

Қиғаш қас, оймақ ауыз, бал тамақты,

Күнінде асаулықтың сүйген жерім.

Қой сойып, үй басына, ойын қылып,

Жиылып жүруші еді қыз бен келін.

Шалқыған тасқын судай көңілін басып,

Біреуге пенде болды кербездерім!

22

Төртқұдық, Тұзжағасы, Алдаберген –

Қайран жұрт қонушы еді көлденеңнен.

Халқымның әр аулына түскен қонақ,

Жылқыдай болушы еді көлге келген.

Әр уақыт елімді айтып зарығамын,

Сағынып қайран жұртты шөлдегеннен.

23

Шыңырау құдығы еді Жақсыбайдың,

Төрт түлік айналасы малға жайылым.

Жылқыны көк алалы шатырлатып,

Маңкөтпен айдаған су Қуанбайдың.

Алланың құлы болсаң, бізге күлме,

Ісіне кім көнбейді бір құдайдың?!

24

Жоқ еді тәуір қоныс Қурайлыдай,

Боз тепсең жері жақсы, суы шайдай.

Алланың құдіретіне шараң нешік,

Құдайым жалғыз жылда мұндай қылды-ай!

Жоқ еді тәуір құдық Балталыдай,

Шарт өріс айналасы алты алуан.

Мол дәулет қарағаштай халықтан кетіп,

Кісімен бірдей болдық жаңа туған.

25

Сегізбай, Қаратал мен Көшентымық,

Алқада сөз сөйледім базар қылып.

Қырмызы қызыл жүзі құбылып-ай,

Дос жандар тұрушы еді үйден шығып.

Алланың құдіретіне шара нешік,

Болад деп ойлап па едік мұндай қылық?!

26

Баймөңке – жер сауырысы, Тілеу, Құлан,

Қайран жұрт көнуші еді толықсыған.

Шай ішіп самаурыннан сәске түсте,

Көп еді тәкәппарсып мырзасынған.

Алланың құлы болсаң, бізге күлме,

Тап болар тасқан жұртқа мұндай ылаң.

27

Дүйсе мен Тоқпақ жайлайды Жездібайды,

Төрт түлік айналасы малға жайлы.

Тай сойған екі кісіге біздің елде,

Кетуші ек сараң десіп Мәтеш байды.

Адайды сегіз арыс араладым,

Көрмедім әлі күнге осындайды!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу