Тазша бала [видео]

 Тазша бала [видео]



Ерте заманда бір тазша баланың әке-шешесі өліп, жетім қалыпты. Күндерде бір күн тазша базарды аралап жүрсе, мұңайып отырған бір шалды көреді. Тазша шалдың қасына келіп отырады.
Шал:
– Не қылып жүрген баласың? – деп сұрайды.
Сонда тазша:
– Баласы жоққа бала болайын деп жүрмін, – дейді.
Шал:
– Ендеше, балам жоқ еді, маған бала бола ғой! – деп, тазшаны ертіп, үйіне алып келіпті.
Бір күні шал тазшаға:
– Анау көрінген ағаштың басында ақ сары деген құстың ұясы бар, сол ұяда құстың жұмыртқасы бар. Сен барып құсқа білдірмей, астынан бір жұмыртқасын алып келші, – дейді.
Тазша:
– Жарайды, – деп, жүгіріп барып, ағаштың бұтақтарын сылдыратпастан басына шығады да, кұсқа білдірместен бір жұмыртқасын алып келіп, шал әкесіне береді.
Сонда шал:
– Енді жұмыртқаны апарып, құсқа білдірместен, ұясына салып келе қойшы, – депті.
Тазша:
– Жарайды, – деп жұмыртқаны апарып, құсқа білдірместен, ұяға салып келіпті.
Сонда шал:
– Жарайсың, балам! Қолыңнан іс келеді екен, – депті.
Бір күні тазшаға өгей әке-шешесі:
Тазша бала [видео]– Анау көрінген үйде өздері бай және өлгенше сараң бір шал мен кемпір бар. Үйіндегі мол тамақтан өздері де жарып жемейді, кісіге де нәр татырмайды және түнде жатқанда екеуі қаптағы құртын басына жастанып, қарындағы сары майын қойнына алып жатады. Солардың жұмысын табаным тесіліп, талай істесем де, жарытып ақы бермеді, ауыз толарлық тамақ та бермеді. Сонда көп ақым кетіп барады. Мені әке десең, оған кеткен ақым үшін сол қу, сараң шалдың қойнына тығып жатқан сары майын алып келші, – дейді.
– Жарайды, – дейді де, тазша түнде жұрт ұйқтаған уақытта барып, кемпір мен шалдың үйіне кіріп, екеуінің аралығына жата қалып, кемпірдің даусына салып: «Әрі жат!» – деп, шалды шынтағымен бір түртіп, бір уақытта шалдың даусына салып: «Әрі жат!» – деп, кемпірді шынтағымен бір түртіп, ақырында сары майын алып жөнеліпті. Артынша, ұзамай-ақ майды жоқтап, шал шығыпты. Шалдың өзі де жасында бір қу тазша екен: «Пәленше шалдың асырап алған бір тазша баласы бар еді, сол алып кеткен шығар», – деп, орнынан тұра сала жүгіріп, тазшаға көрінбей, бір жағыменен оның үйіне бұрын жетіп, қолына бір шелек алып, тазша үйіне кіре бергенде, кемпірдің даусына салып, шелекті тазшаның қолына ұстата береді де:
– Шырағым, майды маған бер де, мынау шелекпен бір шелек су әкеле ғой! – дейді. Аңқау тазша бөтен адам екенін аңғармай, майды беріп, шелекті ала сала жүгіріп, суға кете беріпті. Шелекпен суды алып келіп, шешесіне:
– Мә, су! – деп, берсе, шешесі:
– Мен саған су әкел дегенім жоқ! Май әкел демедім бе? – дейді.
Тазша алданғанын біліп: «Майдың иесі қу неме екен, майын өзі алып кеткен екен, мен де жетейін! Қайсымыз басым екенбіз?» – деп жүгіріп кете береді.
Шалдың көзіне түспей, төтелеп барып, бұрын жетіп, басына бір ақ жаулықты орай салып, шалдың алдынан айқай салады:
– Тілеуің құрғыр, шал, қайда кетіп едің?.. Қоралы қойыңды қасқыр қуып кетті. Жүгіріп жетіп, жылдамырақ қайырып, айдап кел! Болмаса, қасқыр қырып кетеді! – дейді. Тазшаның кемпір даусына салып, сөйлеген сөзіне шал нанып, қолындағы сары майды:
– Ал, мынаны! – деп, лақтырып тастап, қойларын іздеп жүре беріпті. Тазша бала шалды алдап жіберіп, майды алып, үйіне келіпті. Манағы шал о жақ, бұ жаққа жүгіріп, қойдан дерек таба алмай, шаршап, сандалып, қайтып үйіне келіп қараса, қойлары ап-аман қорасында жатыр. Шал байғұс алданғанын енді біліп:
«Қап! Өзім де жас уағымда осындай қулықты көп істеп едім, қартайғанда алдыма келгені ғой!» –деп, ерте тұра сала, тазшаның әкесіне айтыпты:
– Сенің тазшаң менің бір қарын сары майымды алып кетті, майымды қайтарып бер! Болмаса, тазшаңды сөзсіз өлтіремін! – депті.
Сонда тазшаның әкесі бұл шалға:
– Мен майыңды көргенім жоқ! Егер анық тазшаның алғанын сезген болсаң, не қылсаң, о қыл, мен ара түспеймін, – депті.
Майын алдырған шал қолына бір өткір балта алып, жұрттан жасырынып, көп қорымның арасына барып, бір тесілген қабірдің ішіне кіріп, жасырынып жатыпты. Бұл шалдың кемпірі еш нәрсе сезбеген кісі болып, манағы тазшаны шақырып алып:
– Шырағым! Көп қорымда әкемнің моласы бар еді. Соған мына нанды апарып, құран оқып, жеп келе ғой, сенен басқа балаларға сенбеймін, – депті.
Тазшаның ойына қапелімде еш нәрсе түспей:
– Мақұл! –деп, нанды алып, кете беріпті. Молаға барып, құран оқып, нанды жеп отырғанда, көрдің тесігінен бір шал арбаңдап шыға келеді. Қолында балтасы бар. Кәдімгі аңдысып жүрген шалы екенін тазша тани кетеді. Тазша оңайлықпен өле қойсын ба? Шалдан бұрын қам қып, қолындағы балтасын жұлып алып, шалдың өзіне дүрсе қоя беріпті. Шал жалынып, әзер құтылыпты.
Бұлар тұрған шаһардың ханы халқына өте қатал болыпты, елге салықты көп салып, кедей мен жалшыны зар жылатып, сорлата беріпті. Солардың қатарында тазшаның әкесіне де салықты мол салып, шал қатты қысылыпты. Бұл жайды білген тазша әкесіне:
– Сіз қысылмаңыз, ханның өз алтынын өзіне берейік! – депті.
Содан кейін бұл тазша ханның қазынасына түсіп, бір құмыра ділдасын алып кетіпті. Ертеңіне хан ділданың жоғалғанын біліп, барлық уәзірін жинап:
– Ұрыны қалайша тауып, ұстауға болады? – деп ақылдасыпты.
Сонда бір уәзірі:
– Қазынаның есігінің алдынан шұңқыр қазып, белуардан бататын шырыш желім толтырып қоялық: қараңғыда білмеген адам түсіп кетсе, шығып кете алмайтын болсын! Осындай амалмен ұсталық, – депті.
Хан осы амалды мақұл көріп, айтқандай қылып, желімді даярлата беріпті. Қу тазша қалайша білсе де, бұл амалды біліп алып, енді қазынаның есігіне жоламапты.
Хан мұнымен де қазынаға түсіп жүргеннің кім екенін анықтап біле алмаған соң, ойлап-ойлап, екінші амал істепті. Ханның бір бақырауық нары бар екен. Оны ұстамақ түгіл, біреу маңына жақын барғанда, даусының барынша бақырады екен. Сол нарды шөгеріп жатқыздырып, бірнеше аңдушы қойдырыпты. Егер нар бақырса-ақ, ұрыны ұстамақ екен. Тазша мұны да біліп, түнде қолына бір бау жоңышқаны алып барып, алыста тұрып нарға көрсетсе, ол шөпті жеймін деп, орнынан тұрып, соңынан жүреді. Тазша ақырындап алыстай береді, нар ере береді. Даусы естілмейтін жерге барған соң, нарды ұстап апарып, бір тоғайдың қалың жеріне байлап тастапты.
Ертеңіне жасауылдар нарды таба алмай, дағдарып, ханға келіп хабар беріпті. Хан бұл амалы да іске аспаған соң, ойлап-ойлап, тағы бір амал тауыпты: далаға бір отау тіккізіп, ішіне жақсы төсектер жайдырып, соған өзінің қызын жатқызып: «Қызымменен кім сөйлесіп, әңгімесі келіссе, қызымды соған беремін!» – деп жұртқа жар салыпты. Ондағы ойы: «Егер сол ұры амалы көптігіне сүйеніп, келсе, қызым алмас қылышпен қолын кесіп алып қалсын; ертең шаһар адамдарын тегіс тексерейін: «Кімнің қолы кесілген болса, соны ұстатып, дарға астырайын!» – дегені екен.
Қу тазша бұл амалды да біліп алыпты. Қалада бір бай қасапшы бар екен. Түн ішінде жатып қалған қасапшыға барып, терезесінен: «Ханға бір қойдың қарны керек еді, терезеден бере ғой», – деп дауыстапты. «Ханға керек» деген соң лажы бар ма, бір қарынды терезеден қолымен шығарып: «Ал!» –дегенде, тазша қолындағы алмас қылышпен қасапшының қолын шауып түсіріпті, сөйтіп, қарын мен кесілген қолды ала жөнеліпті. Әлгі қарынды суға толтырып, аузын байлап, оңаша отауда жатқан ханның қызының қасына келіпті. Әрі-бері сөйлескеннен кейін, тазша сыртқа шығып кетуге рұқсат сұраса, қыз жібермейді. Тазша: «Кетіп қалады десеңіз, менің қолымды ұстай тұрыңыз!» –дейді. Қасапшының кесілген қолын қызға ұстатып, қарынның бір жерін тесіп суды шырылдатып ағызып қойып, өзі кетіп қалыпты. Бір уақытта қыз: «Осы неге үнсіз жатыр?» – деп, байқап, қараса, өзінің ұстағаны бір кесілген қол екен.
Қыз ерте тұра сала, әкесіне:
«Ұрыны ұстап едім, өз қолын өзі кесіп, қашып кетіпті», – дейді. Хан жарлық қылып, шаһар адамдарының қолын түгендесе, қолы кесілген қасапшы болып шығады, хан алдына алып келіп тергегенде, ол көрген-білгенін айтады. Хан мұның кінәсіз екеніне сеніп, қоя беріпті.
Хан бұл амалы да іске аспаған соң, ойлап-ойлап, төртінші амалды тауыпты. Бір күні: «Егер ұры келе қойса, өзім ұстап алайын!» – деп, оңаша отауда өзі жатыпты. Тазша мұны да біліп, әйелдің'әдемі киімдерін киіп, бір сұлу келіншек болып, түнде келіп, отауға кіріп, ханның қасына отырыпты. Сонда хан:
– Не қылып жүрген әйелсің? –деп сұрапты.
Келіншек-тазша:
– Ерім өліп еді, қайнағаларыма тигім келмейді. Сол себепті, тақсыр, сізге арыз айта келдім. Сүйгеніме тиюге рұқсат берсеңіз екен! – деп, жауап беріпті.
Хан сұлу «келіншекке» қызығып:
– Олай болса, маған ти! – депті.
«Келіншек» тұра келіп:
– Құлдық, тақсыр! Олай десеңіз, арманым жоқ! Сізге тиемін! – депті.
Сөйтіп отырғанда, орданың алдындағы дар ағаштарды көрсетіп, «келіншек»:
– Тақсыр, мынау қиқайып тұрған ағаштар неге қажет? – деп сұрапты.
Хан:
– Кінәлі адамдарды асып өлтіретін дар деген осы, – депті.
Сонда «келіншек» бұрын дарды көрмеген кісідей болып таңырқап:
– Япырм-ай, мұнымен кісіні қалай асып өлтіреді екен? Мені асып көрсетіңізші? – депті.
Хан «келіншекті» дарға асуға ыңғайсыз көріп, дардың арқан тұзағын өз мойнына кигізіп, «келіншекке» түсіндірмек үшін:
– Арқанның анау ұшын сен бар күшіңмен тарт, бірақ менің аяғым жерден көтеріліп, мен буынып бара жатқан кезде, арқанды босатып қоя бер! Болмаса, мен өліп қалармын! – депті. «Келіншек» арқанның ұшын қолына алып тартыңқырап, ханның өкшесі жерден көтеріле берген кезде, аяғының ұшы жерге тиер-тиместей етіп, арқанның ұшын бір ағашқа мықтап байлап қойып, өзі ханның қазынасына кіріп, тағы бір құмыра ділдасын алып кетіпті.
Ертеңіне ханның адамдары дарға асулы, өлі мен тірінің арасында тұрған ханды көріп, босатып алыпты; ордасына кіргізіп, тәуіптер жинап, емдеп жазыпты. Бұл хабар ұзын елдің иіріне, қысқа елдің қиырына жайылып болыпты.
Осы ханның елімен шекаралас бір елдің ханы: «Болымсыздығынан екі рет қазынасын, бір рет нарын алдырып, үшінші рет қызын базарға салып, онымен тұрмай, өзін дарға тартқызып, жұртқа масқара болғанша, хан болмай-ақ біреудің қойын бақса болмай ма?» – деп келемеждепті. Бұны естіген әлгі хан ыза болып: «Құдай атымен ант ішемін. Осы істерді істеген қу кім болса да, кінәсын кешемін, маған келіп мәлім болсын. Бірақ бір тапсыратын ісім бар, соны орнына келтірсе, бұрынғы кінәларын салауат қылып, қызымды беріп, күйеу қыламын!» – деп, жұртқа жар шақырыпты. Мұны естіп, баяғы тазша: «Қайыр! Не де болса, тәуекел, көрейін!» – деп, ханға келіп, мәлім болыпты. Сонда хан:
– Пәлен ханды амалын тауып, пенде қылып, маған әкеліп берсең, барлық кінәңді кещемін, қызымды да саған беремін! – депті.
Тазша ханның бұл тапсырған қызметін қиынсынбай, қабыл алыпты. Шаһардағы бар ұсталарды жидырып, әуелі бұларға темірден бір бітеу арба соқтырыпты: оның іші-сыртына қоңырау байлатыпты және жұп-жұқа түнікеден әйдік бір шоқпар жасатып, оны қолына алыпты және бір көк серкені сойдырып, терісінің жүн жағын сыртына қаратып үстіне киіп, терінің қылшығына бірнеше қоңырауды тағы байлапты, сөйтіп, бір көрім секілді болып, әлгі арбаға мініп, түнікеден қалқан көтеріп, шоқпарды иініне салып, манағы ханның шаһарына келіп кіріп, теке болып бақылдап, қоңыраулатып айқай салыпты.
– Мен, мен құдайдың жіберген періштесімін! Бұл шаһардың ханы залым болыпты. Ей, бұқара халық! Құдай-тағала сендерге: «Залым хандарыңды өз қолдарыңмен ұстап, байлап, менің бітеу арбама салып беруге бұйрық қылды. Сонда құдай-тағала сендерге риза болады. Егер оны қылмай, ханға болыссаңдар, маған бұйрық берді: біреуіңді тірі қалдырмай, қолымдағы он мың пұт шоқпармен шаһарыңның кірпішін тас-талқан қып, топырақ етіп, шаң-тозаңын ұшырып жіберемін!» – депті.
Сонда шаһардың халқы тазшаның айбатынан қорқып: «Қой, өз басымыздың амандығы керек! Мынау құдайдың жіберген пәлесіне қарсы тұрып болмас!» – деседі де, ханын ұстап, байлап, бітеу арбаға салып беріп, жалынып-жалпайып, «періште» тазшаны жөнелтіпті.
Тазша ханды пенде қылған бойымен алып келіп, өз ханына тапсырыпты.
Сонда бұл хан тұрып, тұтқын ханға:
– Иә, маған күле беруші едің, өзін неғып мұндай күйге ұшырадың? Мұнан былай күлме?! Менің жұртымда осындай өнерлі адамдар бар! – деп мақтаныпты. Ақырында, екі ханның екеуі де тазшаның өнеріне риза болып, екеуі де бұған қыздарын беріп, тазшаны өздеріне әрі күйеу, әрі ақылғөй қылып ұстапты.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу
Пікірлер 9
  1. Оқырман Анаргүл
    3 + 3 -
    Мына ертегіні жазған кім ужас?
  2. Оқырман Шынар
    Оқырман Шынар 07.01.2023 22:47
    4 + 3 -
    Біреудің мінін тергенше өзіңді түзет өлгенше демекші , тырнақтың түбінен кір іздемесеңіздер екен. Маған ұнады ертегілер.
  3. Оқырман Мока
    Оқырман Мока 03.10.2022 01:06
    3 + 3 -
    Не деген узын сонар ертеги.
  4. Салтанат Казыбекова
    10 + 1 -
    Сказка ни о чем. Написано не грамотно. Жалғау, жұрнақ дегендер қалай болса солай жалғанған. Сайт админі келешекте осыны ескерсеңіз екен. Балама оқып бен қояйын деп едім, балам түгілі өзімнің миым ашып кетті. Ертегіде белгілі бір мағына болу керек қой. Мораль дегендей, никакой морали не увидела. Екі үлкен ағасы əке-шешесін ойламайды екен. Тазша оларды ойлағанымен өзгелерді алдап жүр. Соңында тіпті байды өлтірді дей ме. Қысқасы ұнамады.
  5. Салтанат Казыбекова
    8 + 4 -
    Сказка ни о чем. Написано не грамотно. Жалғау, жұрнақ дегендер қалай болса солай жалғанған. Сайт админі келешекте осыны ескерсеңіз екен. Балама оқып бен қояйын деп едім, балам түгілі өзімнің миым ашып кетті. Ертегіде белгілі бір мағына болу керек қой. Мораль дегендей, в общем тут я никакой морали не увидела. Екі үлкен ағасы əке-шешесін ойламайды екен. Тазша оларды ойлағанымен өзгелерді алдап жүр. Соңында тіпті байды өлтірді дей ме. Қысқасы ұнамады.
  6. Jazira Jekibaeva
    Jazira Jekibaeva 13.10.2016 19:08
    4 + 10 -
    Менде так калып отырмын. Мынау недеген ертегы, расында да Ы. Алтынсариндикыме???
  7. Аймен Дуйсенбаева
    2 + 3 -
    Дұрыс айтасыз, мен сізбен толық келісемін. Мен де кішкентай кезімде түсінбейтінмін, әлі де түсіне алмадым. Сөйлем құрастыру реті де бұрыс. Меніңше бұл тұп-нұсқасы емес.
  8. Zhankaraev Zhusipbekovich Zhanibek
    7 + 4 -
    Бала кезден түсінбейтінмін осы ертегіні. Бұндай ертегінің сценарийін жазған Ыбырай Бабамыздың не айтқысы келді екен? Кейде кішкентай қызым ертегі айтып бер дейді, сонда қол астында кітап, немесе интернеті бар телефоным болмай қалғанда, ойдан құрастырып айтып беретінім бар. Бірақ, логиканы бұзбайтын, жақсылыққа тәрбиелейтін ертегіні ойдан құрастырып айтуға тырысамын.
    1. Оқырман Айша
      Оқырман Айша 14.01.2024 14:18
      6 + 2 -
      10