Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  162


Автор: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

«САЛЫСТЫРУ ТЕОРИЯСЫ»

Қоңырауы сыңғыр қаққан күздің сол бір айында
бала кезгі бір қиялдың елесі бар...
Ойымда:
«...өтірігі де өте сұлу өлкесінде ертектің
мұнаралы қала салып, мен мың жылдай тер төктім.
Көк бәтеңке тігуші едім қақпасының алдында...».
Бекер екен!
Сол киімді интернаттан алдым да,
айнып қалдым...
Досым бар ед, киімі жоқ бойға дәл, қаланы
да сол салуда, осы қазір, тайгада.
Ертек пенен екі араны күдік құсы жалғаған...
Бабаларымызды көріп өскен пәле ғой бұл қарғалар:
«Сендер қайда барасыңдар?
Ғаламда жоқ мәңгі түк...».
Солай деп бір, төбемізге кетпекші олар саңғытып.
Біздер кімбіз? Не
тілейміз? Бағыт
қалай? Құбыла?..
...иіріліп, жиырылып, өз Ойыма тығылам.
Ой, онда да тыныштық жоқ, іші – толы жұлдыздар, сол
қарғалар, қарқылдаған,
көшелер мен түнгі ызғар,
мекемелер (бағалармен бал ашуға керекті),
Коммунизм елесі мен кәдімгі ток-электр;
қырық мың кітап оқып алып, бас шайқаған қасқалар
Ой ішіне шиыр-шиыр ізін салып тастаған.
 Мені, бірақ, танымайды ол жердегі «таныстар». Себебі
де түсінікті:
мүлде басқа ғарыштан
келіп түскен қонақпын ғой...
қалаларының тұсынан
қарашықпен ағып өтіп, зәрелерін ұшырам!..
Сонда менің байқағаным:
олар да осы біздердей,
құдайлық пен құмарлыққа бастап кеткен іздерге
қызыға да, қызғана да қарайды екен!..
Тек, әттең,
ақшаларға тәуелді боп әлеуметтік тәбеттер... өзіміздің
«көшірмеміз» сияқтанған кіл пенде мейрам күні
«пайғамбардың» алаңында жүргенде, мен әдейі аңдып
тұрып, Көктен ақша жаудырам! (көрсеңдер ғой, қандай
екен жабайылық абдырау!..)
Бір шашқан соң, сол құрғырды керек сұмдық көп шашу,
өздерінен аяп нем бар өздерінің ақшасын...
Ішімдегі әлем – сондай!
Өзгерту – өз қолымда:
онда менсіз бір қылмыскер тырп ете алмас;
залымдар
ғалымдарға айналсын деп, ойлансын деп жұрт үшін,
қарашықпен қалқып тұрып,
арманымның түр-түсін сәл
өзгертсем,
қажет емес ауызға – сөз, қолға – ту,
қас қағымдық қиял ғана – Коммунизм орнату!
Жалпы, маған, құс үнінен қымыз ішу ұнаған...
Жанталасып, болашақты жақындатпақ бұл ағаң: кеше
көрген түстерімді экраннан қызықтап,
Бастың ішін нұрландырса түйірлер мен сызықтар...
 түнек тұнған түкпірлерге дұғалардан шам жағып,
біразырақ тыңдаймын да еріккендер қалжағын,..
уақытқа бағынуды қойып алып мен мүлде, нәпсілерде
пайда болған ашкөз жұмбақ теңбілге жылан мыйы
сәулесінің сазын ойнап...
Расында,
қара әуен құбылулы табыттардың қасында, Мәңгі Ғұмыр
формуласын шоқпен қарып тәніме, бұл әлемнің
топастығын дәлелдеймін әлі Мен!
Сонан соң ше?
Жәйі қалай жұлдызара ойлаудың?
Көзі – мына біздерміз ғой – қозғалуды қоймаудың! Ойдан
жүйрік жылдамдықтың қуат-күшін анықтап, жол береміз,
таланттарға табынатын халыққа.
Сонан соң ше?
Қақыратып мына қара Түнекті,
Жаратқанға көрсетеміз Алақан мен Жүректі!..
Қазір – сәске.
Фосфорланған сағат тілі сияқты,
менің жасыл қиялыма дәл ұшымен құлап тұр. Мен
әдейі тырнағыммен айналаға үңілем:
бір құмырсқа маған қарай жол салуда тілімен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу