Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  81


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Пенделердің табынатын пірі бар....

Пенделердің табынатын пірі бар,
құлдық ұрып жығылар.
Күнге күйіп бара жатса құйқасы,
көлеңкеге тығылар.
Жетектегі иттің жампоз жыны бар,
үрит соқса, ұрынар.
Саптыаяқта жуындыны жалауға
сілекейі шұбырар.
Қожайынның құлақкесті құлы бар,
ырзығынан ығынар.
Топырақтай тобарсыған жанында
табылмайды сынық ар.
Пенделердің өтірігі, шыны бар,
қу түлкідей құбылар.
Аңырасың айласына адасып,
ақыл жетпей ұғынар.
Сұқтанатын сұлулардың сыны бар,
шырайынан шырын ал.
Талқаныңды тигізбейтін тісіңе
баукеспелер – ұрылар...
Таба алмадым тірлігімде тұнық ар,
жүрегімнің мұңы бар...
Табынатын Темірқазық тұлғалы
қайдасыңдар, Ұлылар??!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу