Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Құс жаманы саңғығыш,
Адам жаманы қаңғығыш.
Жаманға ошақтың үш бұты,
Үш айлық жол.
Қалауын тапса, қар жанар.
Шебердің қолы көпке ортақ.
Көлеңкеге қарап көйлек пішпес болар.
Өнерліге есік ашық.
Киім пішсең кең піш,
Тарылтуың оңай.
Темір кессең қысқа кес,
Ұзартуың оңай.
Итке төсек не керек,
Естіге өсек не керек.
Ащы сұраққа тұщы жауап күтпес.
Өсекші мен өтірікші — егіз.
Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер.
Күшіңе сенбе, ісіңе сен.
Қазаншының өз еркі,
Қайдан құлақ шығарса.
Шеберлікке шек жоқ.
Қыз еркем кестесімен көркем,
Ұл еркем өнерімен көркем.
Жігіт адамға жетпіс өнер де аз.
Ер қадірін ер білер,
Зер қадірін зергер білер.
Жылай-жылай арық қазсаң,
Күле-күле су ішерсің.
Қолы қимылдаған адамға,
Кедейлік жоқ.
Аяғы қимылдаған адамға,
Алыстық жоқ.
Азығымен жер мүсінді,
Еңбегімен ер мүсінді.
Жер құтты болса,
Мал сүтті болады.
Еңбексіз өмір – сөнген көмір.
Дәнді шашпа, нанды баспа.
Нан бар жерде ән бар.
Қомағай құрсақтың қуысы толмайды.