Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Қонақ келсе — құт,
Қарақшы келсе — жұт.
Иесіз үйдің оты жанбайды.
Қонақ қазанға бір қарайды,
Қожасының қабағына екі қарайды.
Сараңның салғанын қазаны жейді,
Қалғанын қонағы жейді.
Қарты бардың жұрты бар,
Кемпірі бардың құрты бар.
Қарттың айтқанын істе,
Жастың тапқанын же.
Көрген, көргенін істейді
Көсеу түрткенін істейді.
Үлкенге – ізет, жасқа – жол.
Көп жасағаннан сұрама,
Көпті көргеннен сұра.
Кәрі –қалтаң,
Жас – жалтаң,
Жас келсе – іске,
Кәрі келсе – асқа.
Жасыңда жалықпасаң –
Қартайғанда тарықпайсың.
Бүгінгінің қартымыз,
Кешегінің артымыз.
Көп жасаған құрдасынан
Көп сөйлеген жолдасынан айрылады.
Өткен өмір –
­Өшкен көмір.
Алпысқа келгенде,
Алты ағаң болсын.
Жетпіске келгенде
Жеті інің болсын.
Қарты бар елдің
Қазынасы бар,
Қызы бар елдің
Базынасы бар.
Үлкен пышақ —
Ұялғаннан өтеді.
Алпыс — дер шағы,
Жетпіс — мәр шағы,
Сексен — жер шағы
Тоқсан — шер шағы,
Жүз — қор шағы...
Шалды шақыр, асыңа келсін,
Шалдығына күл, басыңа келсін.
Алтыға дейін бала ерке,
Алпыстан кейін шал ерке.
Жасында байқары жоқтың
Жасы жеткенде айтары жоқ.
Қартайдым деп, қайырма,
Жас бала бар артында,
Жалғызбын деп, қайырма
Жақсылар бар артында.
Ағайынның аты озғанша,
Ауылдастың тайы озсын.
Итің жақсы болса — ырысың,
Көршің жақсы болса — тынысың.
Ең дәмді деп татқаның –
Еңбегіңмен тапқаның.
Кәрінің бары — игі.