Қауіпті «сыйлықтар»: акциялар мен ұтыс ойындарының астарында не жатыр

Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке қарамастан, акциялар, ұтыс ойындары мен лотереялар түріндегі алаяқтық схемалар әлі де жұмыс істеп тұр. Адамдарға ақша, сыйлықтар немесе бонустар уәде етіледі, бірақ соңында олар өз қаражатынан айырылады немесе заңсыз схеманың бөлігіне айналады.
Fingramota.kz зиянсыз ұтыс ойындары мен алаяқтық арасындағы шекара қайда өтетінін түсіндіреді.
Ұтыс ойындары мен лотереялар түріндегі алаяқтық схемалар қалай жұмыс істейді?
Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы әрекет етеді. Схема қарапайым:
- Адамға «Сіз жеңдіңіз!» деп хабарлайды немесе акцияға қатысуды ұсынады.
- Сілтеме бойынша өту немесе тіркелу сұралады.
- Содан кейін «комиссия», «салық», «жеткізу құны» үшін ақша төлеуді талап етеді.
- Банктік деректерді, SMS-кодтарды сұрайды.
Кейде схема күрделірек: «ақша аударымдарына көмектес» немесе «ақшаны шығарып алуға көмектес» деп жұмыс ұсынады. Бұл жағдайда адам дроппер (қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырушы) болып қалуы мүмкін.
Мысалдар:
- ELL QUATY (Абай облысы) — тұтыну кооперативі ретінде жұмыс істеген қаржы пирамидасы. Адамдарды кооперативке кіруге және пай жарна салуға шақырған. Жаңа салымшыларды тарту үшін Түркияға туристік жолдамалардың ұтыс ойынын ұйымдастырған. Нәтижесінде 1,5 мыңнан астам адам 6,8 млрд теңгеден айырылған. Ұйымдастырушы 2025 жылы ұсталған.
- Шымкенттегі жағдай (2023 ж.): Instagram-да екі аккаунттан тікелей эфир өткізіп, автомобиль, смартфондар, зергерлік бұйымдар мен техника ұтыс ойындарын жариялаған. Билет бағасы 5 000-нан 100 000 теңгеге дейін болған. Қатысушылар ештеңе алмаған, ұйымдастырушы 96 млн теңге заңсыз табыс тапқан. Сот оны 1 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарған.
Ұтыс ойындары мен лотереяларға қатысу несімен қауіпті?
- Ақша жоғалту — «ұтқаныңыз үшін» комиссия төлеген соң алаяқтар жоғалып кетеді.
- Деректер ұрлануы — банктік деректер, парольдер, SMS-кодтар берген жағдайда шотыңыздан ақша алынып, сіздің атыңыздан несие алынуы немесе бопсалау мүмкін.
- Қылмыстық жауапкершілік — егер «ақшаны шығарып алуға» көмектессеңіз, өзіңіз қылмыстық схемаға қатысушы болып саналасыз (тіпті хабарыңыз болмаса да).
Қазақстанда қандай жауапкершілік бар?
- 190-бап «Алаяқтық» — 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.
- 214-бап «Заңсыз кәсіпкерлік» — 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.
- 232-1-бап — банктік шотқа немесе төлем құралдарына рұқсатты заңсыз ұсыну/алу.
Кеңес:
- Ешқашан «жеңісіңіз үшін» ақша төлемеңіз.
- Банктік деректер мен SMS-кодтарды бөтен адамдарға айтпаңыз.
- Күмәнді акциялар мен ұтыс ойындарына қатыспаңыз.
- Егер алаяқтыққа тап болсаңыз — бірден полицияға (102) немесе Fingramota.kz сайты арқылы хабарлаңыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру