Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Отты үрлей берсең, өшіресің,
Көршіні күндей берсең, көшіресің.
Бедері жоқ қамқадан,
Бек тоқыған бөз жақсы,
Бейкемі жоқ туғаннан
Бек сөйлескен сөз жақсы.
Әділ айтсаң,
Ағайынға жақпайсың,
Әзіл айтсаң,
Маңайыңа жақпайсың.
Ағайын бір өліде,
Бір тіріде керек.
Тұзсыз тамақ піссе де,
Тұздықсыз тамақ піспейді.
Жақсы да болса — өз үйім,
Жаман да болса — өз үйім,
Кең сарайдай боз үйім.
Күншіл сорлы көре алмай өледі,
Сараң сорлы бере алмай өледі.
Сыйласайық,
Сырласайық, сыбайлас!
Сыйлы көңіл,
Сыршыл көңіл мұңаймас.
Тойлы ауылда тойлап тоймаған,
Ойнап тояды.
Құм үстінде ине сабақтама,
Түсіп кетсе, табылмас.
Қонар үйді бір күнде адақтама
Қоналқы ертең табылмас.
Өз ауылымның түтіні түзу шықсын.
Үй болған соң,
Шыны-аяқ сылдырламай тұрмайды.
Қожасы жуас үйдің қонағы билейді.
Үйлері қоңыр екен деп,
Көп ауылдан кетпеңіз.
Үйі аппақ екен деп,
Оңаша үйге түспеңіз.
Сараңның асын сары ит ішсін.
Сұмырай келсе — су қат.
Ашаршылық келсе — ағайын жат.
Ағайының бай болса,
Асағаның май болар.
Алыстағы ағайыннан,
Алдыңдағы көрші артық.
Ағайын бірде араз, бірде тату.
Әйелінен сескенген
Ауылдасына шай іш демейді.
Орынсыз мақтау
Орға жығады.
Үйірінен айрылған айғыр
Ат болады,
Көңілді қалдырған ағайын
Жат болады.
Атың жақсы болса — қанатың,
Ағайын жақсы болса — санатың.
Қонағы бар үй қоңырсып тұрады,
Қонағы жоқ үй бозымсып тұрады.
Құдаң құрдасыңдай болсын,
Құдағайың сырласыңдай болсын.
Ағаа лдында пейіліңді көрсет,
Іні алдында мейіріңді көрсет.