Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.09.2022
166
Көктемкүз
Шұғылалы шуақ сүйіп жүздерді,
Көктем еді табыстырған біздерді.
Мендік мына сағынышпен реңдес,
Бұл өлкеге тым ертерек күз келді.
Екеуміз жүрген баққа көп барам,
Ескі елестен басқа ештеме жоқ маған.
Ешкімді де сағынбаймын бұл күнде,
Ешкіммен де сөйлеспейтін боп барам.
Жіберсем бе ақ параққа хат жазып,
Қалсын ба әлде бәрі іште сақталып?!
Маған деген сендік сезім секілді,
Жапырақтар қалды аяққа тапталып.
Төзімім де, білем, бір күн сарқылар,
Сарқылғанша сағынышқа жан шыдар.
Табыстырар екеумізді бұл бақта,
Тағы да бір көркем көктем бар шығар!
Шұғылалы шуақ сүйіп жүздерді,
Көктем еді табыстырған біздерді.
Мендік мына сағынышпен реңдес,
Бұл өлкеге тым ертерек күз келді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter