Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  160


Автор: Темірше Сарыбаев

ӨТІҢКІРЕП ТОҚТАДЫМ

Жылдар, жылдар –
Кәрілікке жолдама,
Ендім міне, отыз деген ордаға
Омырауы оқа, зерлі арғымақ,
Жастығымның жеткен жері,
болғаны, ә?
Баладай-ақ жаңа кескен тұсауын,
Тұтам күнде иықтан жүк үш ауып.
Жаңа емес пе,
Жүрген кездер, қарашы,
Шыныменен қалғаны ма, түс ауып?!.
Көрейінші көңіліммен, көзіммен,
Жанар толы меймілдеген сезіммен.
Ерем десе, ерітейін ізімнен –
Ілестіріп әкетейін өзіммен.
Сыр жағалап, сыр ақтарған,
кеңескен,
Сен кешегі сұңғақ жігіт емес пе ең?
Қадап көзді қалып бара жатсың-ау,
Жастығым-ай, айдарынан жел ескен.
Діріл бар ғой, үлбіреген ерніңде.
Расың ба, қоштасуға келдің бе?!
Құшағыңды думандатып, дулатып,
Сені мәңгі бақытты еткен менмін бе?!
Кетті, кетті, көкірегімде оттарың,
Тақымымнан сусып түстің, көкпарым!
Енді саған еңкеюге мұршам жоқ,
Не де болса, өтіңкіреп тоқтадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу