Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  92


Автор: Танакөз Толқынқызы

Жатырымнан табылды дара жақұт....

Жатырымнан табылды дара жақұт,
Бір сүйінші сұрайын жағалатып.
Таудай болып көңілдің өскенін-ай,
Базбіреуге өкпелеп бара жатып.
Тағдырымды шимайлап
шынықты өлең,
Орман көңіл толмады шыбықпенен.
Бір жүрекпен кіріп ем емханаға,
Екі жүрек көтеріп шығып келем.
Жатырыма жадырап көктем келді,
Жер сипалап жүргенде көктен берді.
Бақытыңа мас болып ұмытсам ғой
Жек көргенді, біреуге кектенгенді.
Жаңа ғұмыр оянды жатырымда
Жүйкем менің гүл жарды ақырында.
Құлын тұяқ тепкенде құрсағымды,
Жерік арман айналсын батыр ұлға.
Бір күнімнен асырып бір күнімді
Шаңыраққа күн болып күлкі кірді.
Сені ойлаумен жұмғанда кірпігімді
Бүкіл әлем тыңдайды бүлкіліңді.
Көкке кеше жайылған алақаным
Асығады көруге балапанын.
Құлдыраңдап ойнайды аунақ салып,
Құрсағымда қарсы алып қала таңын.
Көрмесем де танимын, білем сені,
Мен түгілі ииді түн емшегі.
Бұзып-жарып шыққанша бұғауыңнан
Сағат санап күтумен жүрем сені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу