Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  747


Автор: Үмітай Сәтжанқызы

Нағашымның үйін жақсы көрем мен

Барған сайын күйеусініп бөгелген,
Төрге озбай орын алған төменнен.
Қадырлейтін қайын жұрты әкемнің,
Нағашымның үйін жақсы көрем мен.
Атасының мейіріне бөленген,
Анасының ақ мамасын көп емген.
Шешеміздің төркініне арнаулы,
Жылда барып шалқып, тасып келем мен.
Аңқылдаған нағашымыз жанашыр,
Жасқа шылап жанарының шарасын.
Барған сайын қуанады құшақтап,
Көргендей боп әпекесін, анасын.
Ескірсем де нағашыма еркемін,
(Анам жайлы әңгімеге елтемін).
Апайымнан аумаған деп күрсініп,
Бата беріп өссін дейді өркенің.
Өскен жұртым ырқыма ылғи көнбейді,
Түскен жұртым көңіл бөле бермейді.
Тек, нағашым құрақ ұшып аялап,
Ренжітіп мұңайтқысы келмейді.
«Апайымның көзісің ғой сен» -дейді,
«Саялайтын нән терегің мен» -дейді.
«Қиығы жоқ қыздан туған жиеннің,
Немереммен орның сенің тең», -дейді.
Ардақтаймын нағашыма сенемін,
Келсе үйіме әзір етем керегін.
Сая болған анама да, маған да,
Әуелей бер, «мәуелі бәйтерегім».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу