Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  89


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ІЗДЕП КЕЛДІМ ОМБЫДАҒЫ ҚАЗАҚТЫ

Тұтастық бабалардың болды ұраны,
Ұрпақтар сол жосынды жол қылады.
Алыстан ат арытып іздеп келдім,
Армысың, қалың қазақ Омбыдағы.
Туыстар, аманбысың, қалың қалай?
Жыр құсым саған ұшты дамылдамай.
Шет жайлап, қиыр қонған қазақтардың,
Сағынғаны-ай, бір-бірін сағынғаны-ай!
Таралып өз еліме жатыр үнім,
Шаттанып, мақтануға қақылымын.
Миллион қазақтардың қытайдағы –
Еліне енді келген ақынымын.
Көп ойдың көкейімде тұрғаны шын,
Ұмытпасын қыз арын, ұл намысын.
Қай жерде қазақ болса іздеп барып,
Бел будым ағыл-тегіл жырлау үшін.
Келдім мен арман жырын айтайын деп,
Мән- жайын мұндағы елдің байқайын деп.
Келдім мен Шоқан бабам
жүрген жерге,
Рухына дұға оқып қайтайын деп.
Келдім мен әлмисақты әндетем деп,
Біздің ел мейірімді хан көтермек.
Келдім мен БРОЗ ТИТО паналаған –
Исабайдың ұрпағы бар ма екен деп!
Қосағаш, Барнауыл сайран мекен,
Орынбор , Астрахань айбарлы екен.
Болады бұл далалар қайдан бөтен?!
Қалады-ау, жат қолында қайран мекен!
Жүсіпов жырдан маржан үзді ме екен,
Өлеңін рубаятқа тұздық етем.
Шәкенов , Баймұханов жасампаздар,
Байыптап бай даланы сызды ма екен?
Қазіргі ел түрленді, жер гүлденді,
Әрине мен білермін, ел білгенді.
Тастанбек, Нұрбек келген жүз жыл бұрын,
Қоянбай ауылын бір көргім келді.
Ержетті егей ұлдар нұр келбетті,
Бұланов Мағжан елді ілгерлетті.
Іскерлік мейірімділік көмбесіне,
Қабылда Шашубаев бірден жетті.
Біләлхан Камалбеков кәсіпкерлер,
Сапарға шыққан сайын құр келмепті.
Мәлике, Несібелі, Нұржәмила,
Өнер мен көңіліне тұнған иба.
Сәлима, Шәрипадай хас шеберлер,
Мұраны сұңғыла қыз-ұлға жина!
Ұрпаққа ұлылықты ұран етем,
Алладан амандықты сұрап өтем.
Омбыдай қасиетті мына мекен,
Жүз мыңнан астам қазақ тұрады екен.
Ерінбей елім үшін тер төгейін,
Осылай қарызымды мен төлейін.
Бәріміз бір ағаштың бұтағымыз,
Сендерге еміреніп, еркелейін.
Күзеттің өскен жердің сынық тасын,
Көргендер сенен қалай сыр ұқпасын!?
Тектілік тегін біліп ұл-қыздарың,
Ата салт, ана тілін ұмытпасын.
Ырысың шайқамаған заман болсын,
Бақыттың құсы келіп саған қонсын.
Еншісін бөліп берген отауына,
Кең-байтақ Қазақстан аман болсын!!!
Бұл жерді таңдап тапқан ел кемеңгер,
Жаннатты қайдан білсін көрмегендер.
Біздерден дұғай сәлем айтыңыздар,
Бар шығар бүгін мұнда келмегендер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу