Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  104


Автор: Мақпал Жұмабай

Бір тілім бақыт

Жер менен көк. Алыс қандай арасы!
Сол аралық кірпігіме ілінген.
Сырларым да соған ғана сезіліп,
Мұңдарым да соған ғана білінген.
Бітпей қойды көңілімнің алаңы,
Жанарымда – шыр айналған дүние.
Кім қаншалық ғашық болса өмірге,


Төзімге де сол ие!
Жүрегіме қона алмай жүр Жыл құсы,
Ей, жапырақ, айтпай-ақ қой маған дау.
Көктемдерді көктемдерге жалғайтын
Армандауды ұмытпаған адамдар.
Тағы жетті көктеменің күркірі,
Көк ала күн, тіршілікке бер тыным!
Маған,
Саған,
Оларға да
Керегі –
Бақыт қана бір тілім,
Бақыт қана бір тілім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу