Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  1178


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Құдалар айтысар сыр

– Қарға тамыр халықпыз,
Ел салтына қанықпыз.
Қыз алысып, қыз беріп,
Құдаласып қалыппыз.
Бүгін тауып таныппыз,
Сырымызға қаныппыз.
Арқасында жастардың,
Құда болып қалыппыз.
Құдай дескен құдамыз,
Бірге сауық құрамыз.
Жақсы болса арамыз,
Араласып тұрамыз.
Тату болса арамыз,
Жоқтың бəрін табамыз.
«Құда-деген мың жылдық» –
Деп кетіпті бабамыз.
Қатем болса, қойма айып?
Шындап күліп ойнайық.
Ең əуелі көңілді,
Кір шалмауын ойлайық.
Біте қайнап өзіміз,
Балдай болып сөзіміз.
Кəдірлесіп өтейік,
Жұмылғанша көзіміз.
Бер жағымыз сіз болып,
Аржағымыз сыз болып.
Жүре келе тіліміз,
Қадалмасын біз болып.
Мас тиынды есептеп
Жоқтаспайық кесектеп,
Іш жимайық, тұрса да,
Дұшпанымыз өсектеп.
Сатулы боп сəлем де,
Селбеспейік əреңге.
Бізден тату өтпесін,
Мынау жайсаң əлемде.
Қызыққа да батайық,
Мəз-майрам боп жатайық.
Жарты мейіз болса да,
Тең бөлісіп татайық.
Осы айтқанды ұғыңыз,
Бақыт болып жұғыңыз.
Жарығымыз сөнгенше,
Жазылмасын жұбымыз.
ІІ
– Мұныменен қоймайық,
Той жасайық, тойлайық.
Екінші де жастардың,
Үй болуын ойлайық.
Биік еді зердеңіз,
Ұсақ салтты термеңіз.
Үй басына бөлшектеп,
Қоржын салып келмеңіз.
Ол – дүние болмайды,
Оған көңіл толмайды.
Мықты құда болсаңыз,
Көрсетпеңіз ондайды.
Тұман басып санасын,
Достың көріп табасын.
Бұрынғылар емеспіз,
Малға сатар баласын.
Алтын артып жет, мейлі,
Маған əсер етпейді.
Ақтотымның бір ғана,
Тырнағына жетпейді.
Аз сөзіме дес бере,
Еске алыңыз ескере.
Ешқашанда мен сізден,
Дəметпеймін ештеңе.
Сіздің ауыл «тоналса»,
Біздің ауыл оны алса –
Масқара ғой!
Бір отау,
Көтерейік онанша.
Осыған ой бөлейік,
Думанды бір көрейік.
Қоржын салар қаржыны,
Балаларға берейік.
Қыз бердік деп күшейіп,
Жатпай, біз кеп түсейік.
Бір шəйнек шай болсада,
Бөліп-жарып ішейік.
Жақсы айттыңыз өзіңіз,
Алтын болсын сөзіңіз.
«Кəдірлесіп өтейік,
Жұмылғанша көзіміз»...
Оу, құдағи – қадірлі,
Туысым бол кəдімгі.
Бұл əлемнен таппайын,
Сізден асқан əділді.
Ала көрсем адамды,
Халық берер бағамды.
Қолыңызға тапсырдық,
Ел мақтаған баламды.
Ұстасаңыз жүдетпей,
Мінезі бар жібектей.
Алғырлығы тағы бар,
Қайтарылған түлектей.
Үйір емес кеңеске,
Жанымен қас егеске.
Байқасаңыз үкідей,
Үлпілдеп тұр емес пе!
Жүрер көптің соңында,
Емес өлі момын да.
Ілмесі жоқ тілінде,
өнері бар қолында.
Жоғыңа да барыңа,
Тең келеді бабы да...
Алқам салқам жүретін,
Салақ емес тағы да.
Болмас ашу – шоқпары,
Ақылында тоқтамы.
Екі айтқызып ұқпайтын,
Мұтшақтығы жоқ тағы.
Ашық-жарық жүреді,
Күлсе-шындап күледі.
Қай-қашанда, кімнен де,
Ұялмасын біледі.
Таңдайдағы балымыз,
Маңдайдағы бағымыз.
Жанып тұрған бағым деп,
Құшақ жайып алыңыз.
Атқан жарық таңымыз,
Таңымызды таныңыз.
Күлімдеген күнім деп,
Алақанға салыңыз.
Көсеми болып шықса да,
Көсеу болып шықса да.
Байланысты сізбенен,
Қабылдаңыз құт санап.
ІІІ
Кезек берген кеңеске,
Ақылдылық емес пе.
Ақылы бар құданы,
Айналайын демес пе?
Айналайын құда – екем,
Айналаңыз нұр екен.
Құт – береке дегенім,
Аузыңызда тұр екен.
Айналайын құда – екем,
Алдыңызда «құл» екем.
Əрбір айтқан сөзіңіз,
Атқа бермес – пұл екен.
Тасып отыр мерейім,
Сөзіңізге ерейін.
Қолымдағы барымды,
Балаларға берейін.
Отау құтты болсын деп,
Ішіне əн-күй толсын деп,
Балалардың басына,
Мəңгі бақыт қонсын деп.
Тойдың басын бастайық,
Думандатып тастайық.
Құтты отаудың төрінде,
Отырайық қасқайып.
... Ескі салтқа қосылмай,
Сыйласатын досымдай.
Айналайын ағайын,
Менің құдам осындай!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу