Өлеңдер ✍️

  23.08.2022
  102


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Ертіс

Мың толқын бір толқынның ырқыменен,
Ақ Ертіс алқын-жұлқын күркіреген.
Түбінде төңкеріліп жатыр аспан,
Ап-анық ай, жұлдызы, бұлтыменен.
Айдынды кеме жарса, омыраулап,
Толқындар тебіседі, өріп аулақ.
Ақ тақыр шағалалар арпалысып,
Жебедей шаншылады балық аулап.
Тұп-тұнық жасындайсың қуаныштың,
Келеді қаз-қалпында бірақ ішкім.
Тым оқыс шоршығанда ерке шабақ,
Бауырынан жалт-жұлт етіп шығады ұшқын.
Ақ Ертіс алқын-жұлқын күркіреген,
Мінезім мінезіңдей бір түлек ем.
Кеудемнің арнасынан ағылсашы,
Тоқтаусыз толқынындай шіркін, өлең!


1963 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу