Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  4248


Автор: Аллаберген Қонарбаев

РЕСПУБЛИКАМ МЕНІҢ

Қалың жұртым, қазағым мақтан бүгін,
Жан сырыңды жайып сап ақтар бүгін.
Мерейі үстем мерекең болсын құтты,
Сан ғасырлар жоғалтып тапқан бүгін.
Тәуелсіздік тұғыры еркіндігің,
Күмбірледі күй болып шертілді үнің.
Келген жоқ қой бостандық бостан босқа,
Шым болаттай, қазағым, серпіл бүгін.
Құлаш ұрды ғарышқа өркеніміз,
Бүгінгімен басталды ертеңіміз.
Аспаныма арайлап нұр қаптады,
Өзіңдікі өзге емес өз төріміз.
Өткен күндер өгейсіп көп тілеген.
Аласармас арманым көк тіреген.
Тілім, дінім, ділім де қайта оралған.
Өмірімнің өзегі деп білем мен.
Ата баба мұраты орындалып.
«Қазақстан» құжаты қолыңда нық.
Келер күнге құшағым айқара ашық,
Қаймықпадық, қайтпадық, қорынбадық.
Көгілдір Ту шырқау шың шаңырағым,
Әлдилдеп тұр әуелеп Әнұраным.
Босағада талай бір боздап қалған.
Төрге шықты Елтаңбам Әруағым.
Алатаудай салмақ тұр иығыңда,
Аз емес қой ыстығың суығың да.
Алтын толы қазақтың қара жері-ай,
Қалдың-ау сен талайдың көз қиығында.
Көңілге ыстық көзге нұр атың қандай,
Адамзатты аялап шақырғандай.
«2030» атты болашағың
Келе жатыр қол бұлғап батырлардай.
Тұлғасы бол, қазағым, бар биіктің,
Ән шырқасын әр күнің жаңғырып тым.
Иегері бола бер Қазақстан,
Таңдандырар өзін де Мәңгіліктің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу