Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  98


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ӨТСЕ ДЕ ЖЫЛДАР...

Сонау бір Жемнен соңыма ерген сен едің,
Сан серіктердің сыралғысы едің, жөні едің,
Қырларға шығып, қиырға көз сап қарасам,
Маңымда жоқсың, қайда бір, кайда жөнедің?
Көктемдер келді, жайнады дала жаңғырып,
Ақжаңбыр төкті жердің бір есін тандырып.
Нөсерін жырдың селдетер едің, жоқсың сен,
Қайда бір кеттің өзегімді өрт қып жандырып.
Көбейді тойлар, бірінде жоқсың, келмейсің,
Ағып бір жатқан күндерге көңіл бөлмейсің,
Толқындай ақжал алыстап айдын төсінде,
Алдында көздің ақ сағым болып көлбейсің.
Келеді уақыт сан жүйріктерге құрық сап,
Санаспай асау бұлқынған бұла ырыққа.
Сен жалын ата басынан қырдың қарайсың,
Ағындап келіп отыз алтыда тұрып қап.
Кеңесшім менің, отырар жаз боп жайласып,
Самал боп соғар сырбаз інім-ау, қайдасың?
Сырқаттар сығып, кұлазып калған кездерде,
Іздедім сені, қайдасың?
Әкесі болдық бүгін де төрт-бес баланың,
Құр аттай кейде зулайды шіркін қаламым.
Армандар қуған, шабыттар буған шақтарда,
Жалтақтап жүрек, өзіңді еске аламын.
Өтсе де айлар алмасып көктем, күз мейлің,
Неліктен, неге, япыр-ау, күдер үзбеймін?
Кеткеннің қайта келмесін біле тұрсам да,
Жарқырап өткен жылдарды мәңгі іздеймін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу