Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  119


Автор: Мырзатай Болат

БӘЙГЕ

Қазомырау кіл жүйрік
Шауып кетіп барады,
Жел тұрғызып, ауаны
Жарып кетіп барады!..
Көкіректі ашытып,
Жанып кетіп барады!..
Барабанын жүректің
Қағып кетіп барады!..
Бала біткен қиқуды
Салып кетіп барады.
Дауыстары құлақты
Шағып кетіп барады!..
Асау мінген біреуі –
Налып кетіп барады...
Қабаттасып онымен –
Зауық кетіп барады!..
Атқұмардың көңілін
Тауып кетіп барады...
Қызық қуған жанына
Жағып кетіп барады!..
Топтан озып үш тұлпар –
Анық кетіп барады»..
Әнебіреу шаң жұтып,
Қалып кетіп барады...
Көз ұшында көп ноқат –
Ағып кетіп барады!..
Бірін-бірі жібермей,
Батып кетіп барады!..
Ноқат көзден жоғалып,
Шаңыт кетіп барады...
Иесі кім? Белгісіз...
Даңқ кетіп барады!..
Аттан жүйрік қиялым –
Ауып кетіп барады...
Бәйге қалып жайына –
Лағып кетіп барады!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу