Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  82


Автор: Баянғали Әлімжанов

ШӘЙМЕРДЕННІҢ ҚҰРБАНДЫҒЫ

Шәймерден Дәуреновтың рухына
Шәймерденді Шахи дейтін достары,
Шахи еді, сахи еді – рас бәрі,
Ақын еді, жазушы, әрі журналист
Демесеңіз бәйгеге өлең қоспады.
Тебіренсе тереңнен сыр ашатын,
Күңіренсе көзі жалын ататын,
Отар елдің атар таңы бар ма деп
Ауық – ауық ауыр ойға бататын.
Шұғыладан шуақ іздеп шыңдағы
Құса болған даланың ер ұлдары
Ағыл-тегіл ақтарыла шаттанды
Шыққан күні мемлекеттік тіл заңы!
Орнағанда ана тілдің теңдігі
Жылап тұрып, осы ғой деп ел мұңы,
Енді өлсем де разымын деп жыр жазып
Жол апаттан қаза болды сол күні!
Тағдыр – жұмбақ, талқылауға бола ма?
Сыя қоймас қағида мен санаға,
Қайран Шахи, атағандай өз-өзін
Ана тілден кетейін деп садаға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу