Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  88


Автор: Рахмет Аяпбергенұлы

Тәңірдің аяны бұл - әкем айтқан

Кең байтақ Қазақстан – ерікті елім,
Әрдайым ұсынады сеніп төрін.
Көзімнің ақ-қарасы секілді адам,
Өзімнің әкем менің – көріпкелім!
Білмеймін әлі қонар тұғырымды,
Кім оған сөз айтады тұжырымды?
Бір күні ойда жоқта әкем айтты.
Жетпіс бес жасайтұғын ғұмырымды.
Тудыңдар өмірімді жалғайтын деп,
Тұрсыңдар әлі алысқа самғайын деп.
Тәңірдің бұл аянын айтам саған,
Алдыңда қарыздар боп қалмайын деп.
Дүние мұнша неткен көркем едің?!
Бәрің де қойнымда өсіп, өрген едің.
Себебі менің ұзақ жасауымды,
Қарағым, түсіңде сен көрген едің.
Асатын мұны өтпеген жол тыңдап тұр,
Ашатын ертеңге есік, жыл ымдап тұр.
Қалпыңда еңбек сүйгіш көрінші, ұлым,
Алдыңда жиырма төрт жыл қол бұлғап тұр.
Тұрғанда ажал – сұмға тұзақталмай,
Қалмасын ұлы еліңнің тұзы ақталмай?!
Біл маған жиырма төрт сағат күмән,
Ал, саған жиырма төрт жыл ұзақ қандай?!
Қайтадан тексер, қара бар мініңді,
Жоғалтпа жастағы от қарқыныңды.
Досқа арна, еліңе арна қуатыңды,
Жоспарла енді қалған әр күніңді.
Әр жылдың сұрағы мың күндері бар,
Әйтеуір, кейін кетпе ілгері бар.
Ісіңде табыс болсын жаңалықты,
Ішінде қалған жылдар үлгеріп қал.
Тәңірсіз алға қадам баса ма адам?
Тұлғаңды қара өлеңмен қаша, балам!
Қорықпа, ауруды айтпа, уайымдама,
Жетпіс бес жасқа дейін жаса, балам!
Осылай тәңір маған аян берген,
Сендерге әр кез құшақ жаям төрден.
Мұң айтпаң жетпіс бес жыл ғұмырың бар,
Мұны айтқан туған әкем – Аяпберген.
Ұсталар жақсы ағаштан табыт жонар,
Боздаумен киелі өлең, шабыт қалар.
Аяны әкеміздің қате кетпес,
Жетпіс бес жаста маған уақыт болар.
Досына Самалықтай көкем қайтсам,
Оқы деп жаназымды сәлем айтқан...
Өмірдің баяны бұл – көріпкелдік,
Тәңірдің аяны бұл - әкем айтқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу