Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  66


Автор: Ғали Орманов

СЫНШЫ БАҒЫНДА

Жатыпты бір күн сыншы өз бағында,
Сынына сықап алар сөз қамында,
Құлағын құп тербетіп сыршыл бұлақ,
Сыбдырап жапырақтар өр жағында.
Көз жұма, ойланыпты сыншы терең,
Құйылып көкірегіне жыр мен өлең:
«Осыны тамылжытып тартпай бізге,
Құлағы ақындардың неге керең!..»
Күн түскен бағына оның ала-құла...
Сыншының қарай ма өмір қабағына!
Əр қилы ала піскен алмаларды,
Толтырып сала берген табағына.
Соны алып сыншы кеткен өз бетіне,
Тартуға оқушы атты «перзентіне»!
Жұртқа əкеп жомарт сыншы үлестірген,
Жоқ деумен мұндай жеміс жер бетінде!..
Сыншыға шалынбаған қара емендер,
Қалқалы кəрі жазған нелер-нелер...
Қарқ болып сыншы өзінше жөнелгенде,
Қалтарыс қалып қойған сан өлеңдер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу