Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  59


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖАҢА ЖЫЛҒА СӨЗ

Қош боп тұр, мың тоғыз жүз тоқсан екі,
Тағы да өкінбес ем соқсаң екі,
Мен үшін жомарттығыңа ризамын,
Демеймін əрбір күнім босқа өтті.
Ақын ем жүрегім – от, жаным – жалын,
Рахмет, соның бəрін қабылдадың,
Жетектеп бəйбішемді, Бəдешімді
Қырыққа толды менің шаңырағым.
Мен сенде жұлдыздай боп жарқырадым,
Тежемей шабытымның арғымағын,
Жаздым мен бұрқыратып туған елдің
Тарихын – бергі жағын, арғы жағын.
Бір түрлі арқаланып, алдым қызып,
Аққудай арманымның бəрі жүзіп.
Көңілімнің айдынында тұрып алды,
Көрінді дүниенің бəрі қызық.
Екен ғой еркіндігім, азаттығым,
О, соған əсер еткен ғажап бүгін,
«Əлемнің қоры ма» деп жүруші едім,
Дариға-ай, жақсы екен ғой қазақтығым.
Мен сенен көргенім жоқ қапалық күн,
Қасиетті адамдардан хат алыппын.
Ақталып ескі еңбегім, жаңа еңбегім,
Мен сенде «Халық ақыны» атаныппын.
Халықтың айналайын атынан мен,
Қашанда аруағын шақырам мен,
Қолдаған сол еді ғой ұзақ сүйіп,
Сыйлаған ыстық көңіл, тəтті дəмін!
Мен сенде ұмытпаймын жолдарымды,
Астары арыстардың, тойларыңды,
Ұмытпан Қостанай мен Арқалықтың
Құрметті азаматы болғанымды.
Ұмытпан қуаныштарын жанұямның,
Тасыған толқынындай дарияның.
Аруы астананың атанғанын
Алғашқы өз немерем Мəдинаның.
Тауыспан көрген қызық, құрметті мен,
Бəрін де ең бақытты күн деп білем,
Туған жер, осылардың бəрі үшін де
Өзіңе борышты – мен, міндетті – мен.
Ескі жыл, мың тоғыз жүз тоқсан екі,
Сондықтан артығы жоқ соқсаң екі.
Жаңа жыл, қайырлы бол сен де сондай
Тарихтың үмітпенен ашқан беті!
Жаңа жыл, жаңа бақыт ала кел Сен,
Ол сенің құдіретіңе болады өлшем,
Не жетсін, о, дариға, жаңа жылда
Бəріңді құттықтауға аман-есен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу