Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  65


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ұлғайған сайын аяулы

Ұлғайған сайын аяулы
Жылжыған сынап – өмір-ай!
Екеніңді санаулы
Білгізбес тұлпар көңіл-ай!
Жаңа-жаңа жарылқап,
Жаңа-жаңа қуантып,
Жаңа-жаңа жан қымтап,
Жарым жүрек жұбантып,
Ал, дəурен сүр! – дегенде –
Кешіп қызық ортасын,
Келе беріп кемелге, –
Кетіп қалуға қорқасың.
Жаңа бірдеме жағымды
Жазамын деп құлшынып,
Қуантуға бағыңды
Қолдан егіп бір шыбық –
Өткеннің бəрін менсінбей
Кеудеңнен жаңа гүл шығып, –
Жайната берем дегенде,
Бітіп қалса тіршілік –
Өкінбеске шараң не? –
Өкінішің естілмей
Ішіңде кетсе амал не?
Жаңармай да, ескірмей,
Соңғы өксік боп шығар ол.
Ештеме жоқ күтетін,
Тəттіліктің бəрі сол
Аяғы ащы бітетін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу