Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  65


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАРЛЫ КЕШТЕ

Кірпігін шыршалардың бұлап мүлде,
Қар жауды Алматыға бір-ақ күнде.
Қарайды қар астынан –
Қарағайлар,
Қайтадан жадыраған шуақ күнге!
Ақ сеңгір, Алатауым, дараланып,
Қар жауып,
Қала жатыр жаңаланып!
Ағылған Ақмолаға адамдардай,
Құстар да жылы жаққа барады ауып.
Алаңсыз, Алматыда күзді өткеріп,
Тырналар бара жатыр –
Тізбектеліп.
Қонады Атамекен қонысына,
Көктемнің самалымен іздеп келіп.
Қарамай қарлы күнге дауылдатқан,
Денесін зорға тартып ауырласқан
Тырналар сызылтады мұнды əуенін,
Қоштасып мекенімен бауыр басқан.
Түскені қыстың ерте соғып қиын,
Торғайлар бүрсеңдеді
Тоңып бүгін.
Сезімсіз қарға ғана қарқылдайды,
Бəрін де тебіреніспен көріп тұрмын.
Ақ үміт, ақшақардай себелей бер,
Рухым биік,
Аспанмен теңелердей.
Қалғыған қарлы кеште алып шыңдар,
Көтерген ақ желкенін –
Кемелердей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу