Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  130


Автор: Серікбол Хасан

БЕС КҮНДІК БҰЛ ДҮНИЕ...

Бес күндік бұл дүние, сорынан бағы басым,
Талантың болса ғана талайға таныласың.
Төрге озып шығу үшін көкеңнің курткасын,
Үстіне іліп беріп талай жыл жағынасың.
Бес күндік бұл дүние, бағынан бары басым,
Әйтеуір көп ішінен әзер-ақ табыласың.
Әккілік көрсетпесең, әндемде жоқ боласың,
Басыңды көтермесең, барыңнан қағыласың,
Бес күндік бұл дүние, сападан саны басым,
Біреуді жалындырып, біреуге жалынасың.
Басқаның ыдысына ырысты құйып беріп,
Өзіңе тұқыл қалмай еріксіз жабығасың.
Бес күндік бұл дүние, жанынан малы басым,
Ешқашан өзгермейтін күндерден жалығасың.
Мейірімсіз бұл жалғаннан мезгілсіз мезі болып,
Мейірімін күнде шашқан мектепті сағынасың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу