Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  115


Автор: Жангелді Немеребай

Отыздан астық от жалындатып...

Отыздан астық от жалындатып,
Ойын күлкімен көп дауылдатып.
Байқалмай өткен бозбала шақты,
Сағынышпенен жоқтадым жатып.
Жиырма бес жастың шарықтап әні,
Көгімде жүр-ау қалықтап әлі.
Керуенді жылдар жылжыған сайын,
Сауық пен сайран қалып барады.
Сал-серілікпен жігіттік құрып,
Арудан талай сыр ұқтық біліп.
Жүрек пен сезім от болған шақта,
Сұлудың тәнін жылыттық кіріп.
Жүйрікті баптап қызықтық мініп.
Шабандоз болып шынықтық жүріп.
Бәйгенің алдын бермедім талай,
Жүлдесін де алдым жұлып тік тұрып.
Даланың күйін сағына шертіп,
Құстардың салған сазына елтіп.
Асынып қару,аңға да шықтым,
Ақжалға мініп,тазылар ертіп.
Қанжығамды да түгелдей майлап,
Қайтушем кештеп түнергенде аймақ.
Ұстаған құс пен түлкіні талай,
Жолыққан жанға жібергем байлап.
Сайранды күндер сағымдай болған,
Сезімдер алау жалындай жанған.
Бәрі де кейін қалады екен,
Барады көшіп бағынбай жалған.
Отыздан астық өр мінезбенен,
Ойланар шаққа енді кез кегем.
Ойнақтап ойдан,шығыппыз қырға,
Сері болар ма елді кезбеген.
Бұл күндер қайда асығады екен,
Уақытқа әлде бас ұра ма екен.
Көк аспандайын күркіреп барып,
Жастықтың даусы басылады екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу