Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  73


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Алаң

Музыканың сегізінші кілтінде
Тыныштықбек ағамның үні бар.
Бірақ оны кім ұғар?
...Әлқисса,
Бұл фәнидің дидарын бес күн делік,
Қаңбақ сынды домалап суып барам.
Кейде өмірдің жұмбағын шешкім келіп,
Күпір қылық жасауға жуық қалам.
Бар болғаны заржақпын тірі егілген,
Басқа жөнім жоқ екен мақтанатын.
Жұлдыз-жасы тамшылап жүрегімнен,
Мұңдасыма айналды-ау қап-қара түн.
Тәңір талап көңілдің «есіргені» –
Белгісі ғой пендеуи естіліктің.
Аппақ уыз үмітім, кешір мені,
Үрейімнің қадірін кеш біліппін.
Жан дүнием ауылда сауығардай,
Шемен шәрден жыр жазу үшін кеттім.
...Өз үнімді алдымен тауып алмай,
Музыканы қалайша түсінбекпін?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу