Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  86


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Бұлбұл-Ақжелең

Жұлдыздардан нұр саулап тұр көмескі,
Неткен ауыр мына Түн!..
Көп болды ғой кептіргелі шөл Есті –
Көлдей шалқып тұратын.
Айды дағы алақанға қондырам,
Үркітпесе қия құз...
Хақ тілінде сөйлеп көрсін Домбырам,
Күй-Аманат, Күй-Аңыз!
Тылсым үнді құйқылжытып шырлатқан
Маңғыстау боп Қайқылар.
Таза көңіл жігер тапса ырғақтан,
Аңқымайды қай Құмар?..
Тасытайын бойымдағы қанымды,
Аумай қалып Жайықтан.
Қаламыз бен даламызға нанымды –
Атады алдан Ғайып-Таң.
Тым жыраққа тонын алып Түн қашар,
Күн шықпастан талықсып.
Перне біткен Мәңгілікпен мұңдасар,
Ішіп жүріп Жарық-Сүт.
Қайыл болып қатып қалар шартарап,
Жеті Шыңды көргенде.
...Өзің барда, Қызыртекті Нар Талап,
Кие-Дарын өлген бе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу