Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  105


Автор: Аманхан Əлімұлы

Көнер ме едім, білмеймін, көнбес пе едім...

Көнер ме едім, білмеймін, көнбес пе едім,
Мен он сегіз, сен онда он бесте едің.
Оралыңның барында ойнап-күліп,
Махаббаттың сезінген өлмес демін.
Ойын қуды балалық қырда қалып,
Отырушы ек аяқты Сырға малып.
Адам ұғып болмайтын ұшпа сезім,
Бойды алып сол кезде тұрғаны анық.
Жатаған жарды аймалап толқын майда,
Жататын жайма мінез сол түн қайда?
Тыныштық тұнып тұрған тұнба судай,
Көтеріп кетуші еді шолпы үнді Айға.
Мысалы, сенің тілсіз толқысыңдай,
Менің де сезер ме едің сол тұсымды-ай!
Тұрушы ең иығыма иек артып,
Үйренген жемге момын қол құсындай.
Үн-түнсіз қашып шығып үй-іштен біз,
Төсіме төсі келіп түйіскен қыз, –
Ен тоғай, сұлу Сырды куə етіп,
Есімде Айлы түнде сүйіскенбіз.
Айтқанда қорқытпай да, үркітпей де,
Келетін гүлін жайды бүртіктейге...
Сол сүйіс ерініміз ауырғанша,
Ұйқымнан оятады түртіп кейде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу