Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  244


Автор: Аманхан Əлімұлы

Табиғат

Көктем өтіп кеудеде сызы қалған,
Шығар əлі қаншама қызығы алдан, –
Ала құйын күй кешіп тұр құбылып,
Тыныштығын табиғат бұзып алған.
Болмай қалың Сырдағы ну бақ құрлы,
Қағып, сосын, күн жеді тулақ қырды, –
Жайсыздау бір жел есіп желбір желең,
Жайсыздау бір уақыт шулап тұрды.
Шай секілді бермеген шалға баптап,
Ұшқын атты ақ қылау қалбалақтап.
Мақпал мамыр көрсетіп жат қылықты,
Қалың қауым қапыда қалды алақтап.
Ей, табиғат, састырған маңайыңды,
Тағдырыңнан татарсың талайыңды.
Тозаң қапты тораңғыл тұр тозыңқы,
Ақ шалғаны секілді самайымды.
Кедергіге кезіккен төзіп пе екпін,
Көңіл күйін жоқ қысты сезіп көптің, –
Сақал-мұртты жіберіп жалаңаяқ,
Кең даланы келеді кезіп кеткім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу