Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  191


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қанжығаға алғандай Күз бөктерiп...

Қанжығаға алғандай Күз бөктерiп,
Жұбын жазбай тырналар тiзбектелiп, –
Iздеп кетiп барады жылы жақты,
Жылы жақты сағына iздеп келiп.
Осы ма едi о тiрлiк көрмегенiм,
Ə дегеннен салмастан өрге демiн, –
Төмен ұшқан тырналар көк сыналап,
Ала кетер суретiм көрге менiң.
Қара күздiң сезгендей бүлiктi ойын,
Қайттыңдарма, ей, тырналар құрық мойын.
Соңдарыңнан қарайды тал-теректер,
Сидаң тартқан созбалап тұрып бойын.
Басқа түскен дегендей бiр сын едi,
Мұңға оранып Қаратау тұр сiлемi.
Менiң көңiл күйiмдi сезiнгендей,
Iшiн тартып жел, шiркiн, күрсiнедi.
Осындайда ойламай құла қамын,
Куə етiп ауылдың құба таңын, –
Сағынышқа алдырып тал бойымды,
Есениндi оқуды ұнатамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу