Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  136


Автор: Фариза Оңғарсынова

Анкара

Ақ арғымақ от шашады жанары,
таңдандырып тау мен теңіз, даланы!
Арғымақтың жел ойнаған жалында
айдай ару хор қызындай жамалы
көкке самғап барады!
Аққудайын қанат қағып арғымақ,
ару қыздың жүзі алмадай албырап
шырқағанда, түркі əлемі сүйсінді,
кейбіреулер құлап жатты қалжырап...
Күміс жүген жарқылдайды,
аруда
айға жету – бар мұрат!
Шырқа, жаным! Қуат берсін əнім шын,
апалардың жаны мұңнан арылсын!
Сен арқылы бүкіл түрік қызының
даналығы дүниеге танылсын,
күңкілдердің көр кеудесі жарылсын!
Кешіп жүріп жердің былық – балшығын,
жүректердің шаңын жырмен аршыдым.
Шындық аз да, жалғандық көп өмірде,
табу қиын ақиқаттың бал суын.
Түркістанда əулиелерден тіледім:
«Арғымақтан түспегей, – деп, – Тансуым!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу